
Қарағанды облысы тұрғындарының табыстары өскені туралы өңір басшысы Ерлан Қошанов өзінің есеп беру кездесуі барысында мәлімдеді.
- Президенттің жалақыны көтеру туралы бастамасын облыстың 32 мың кәсіпорны қолдады. 220 мың қызметкер орта есеппен бұрынғыдан 14%-ға артық жалақы алады. 2018 жылдың 4 тоқсанының қорытындысы бойынша облыс бойынша орташа жалақы 164 мың теңгеге дейін өсті. 1 қаңтардан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшері бар аймақтың 80 мың тұрғынының табысы салықтың төмендеуі есебінен 9%-ға өсті, - деп хабарлады облыс әкімі.
Оның айтуынша, облыста жұмыс табу оңай болып отыр. Жұмыспен қамтудың түрлі шараларының арқасында жұмыссыздық деңгейі 4,5% - ға дейін төмендеді. Өткен жылы 14 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл 40 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Ерлан Қошанов сондай-ақ тарифтердің төмендеуі және бағаны тежеу шаралары туралы айтып өтті. 1 қаңтардан бастап облыста коммуналдық қызметтер 5-11%-ға арзандады.
- Бағаны ұстап тұру бойынша жұмыс инфляцияны 5,1% деңгейінде ұстап қалуға мүмкіндік берді. Бұл республикадағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. Тұрақтандыру қоры құрылды. Оған бірінші қажеттілік санатына жататын азық-түлік – қант, өсімдік майы, күріш, қарақұмық сатып алып, сақталып қойды. Бұдан басқа, біздің фермерлер өндіретін жеміс, көкөніс өнімдері бойынша тоқталар болсақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өзіндік құны бойынша 2000 тоннадан астам өнім салынды, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Тұрақтандыру қорының өнімдері әлеуметтік павильондар мен супермаркеттерде нарықтық бағадан 25-30% - ға төмен бағамен сатылды. Биыл көкөніс қоры 3000 тоннаға дейін артты. Ерлан Қошанов осы бастаманы қолдағаны үшін фермерлерге алғысын білдірді.