
Қарағандыда алдағы уақытта барлық аулалар ретке келтірілмекші. Облыста жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Бұл туралы өңір басшысы Ерлан Қошанов халықпен есептік кездесуінде мәлімдеді.
- Жақында Мемлекет басшысы жол тек тұрғындардың үйлеріне дейін жеткенде ғана салынған деп танылады деген болатын. Үйімізден шыққан бетте көретініміз үйдің маңындағы аула. Тек облыс орталығында ғана 300 аула бар. Өткен жылы 100 ауланы жөндеуден өткізіп, алдағы екі жылда тағы да 200-і абаттандырылады, - деді облыс әкімі. - Жалпы облыс бойынша 2018 жылы 250 аула аумағын абаттандырдық. Сондай-ақ, өткен жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізу жұмыстары екі есе көп өткізілді – 2017 жылы 370 шақырым болса, 2018 жылы 800 шақырым жол жөнделген.
Өңір басшысының айтуынша, жалпы облыс бойынша 1200 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөнделген, ол 2017 жылға қарағанда бір жарым есе артық. Осы жобалардың арқасында 2 500-ден астам адам жұмысқа орналасты.
- «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін қайта жаңарту жалғасуда. Ағымдағы жылы Теміртау – Қарағанды учаскесінің автобаны бойынша жүру қамтамасыз етілді. Көктемде Қарағанды-Балқаш 4 жолақты автобанының құрылысы басталады, – деп жалғастырды Ерлан Қошанов.
Ол сонымен қатар биылғы жылы Қарағандыны айналып өту жолын ашу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл жобаның құны 35 млрд теңгені құрады. Ол жаңа жол көлік ағындарын жеңілдетуге және экологияны жақсартуға мүмкіндік береді. Қарағанды арқылы тәулігіне 22 мың транзиттік көліктер өтеді.