Қарағанды облысының колледждерінде Индустрия 4.0 кәсіптеріне оқытып жатыр

Қарағанды облысының колледждерінде Индустрия 4.0 кәсіптеріне оқытып жатыр

Өнеркәсіптік роботтарды бағдарламалау, 3D модельдеу, мехатроника және инженерлік графика – осының барлығына Қарағанды облысының колледждерінде оқытып жатыр. Оқу ордалары қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған зертханалар құрған және дуалды білім беру жүйесіне ауысқан. Осының арқасында колледж түлектерінің 95% мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтардың беделі арта түсті. Бүгінде колледждерде бір орынға конкурс 3-5 адамды құрайды, ал оқуға қабылдау 35%-ға артты.
Өңір басшысы Ерлан Қошанов тұрғындар алдында есеп берді.
- Бүгін Индустрия 4.0 экономикасы кадрларды даярлауда өзге де тәсілдерді қолдануды талап етіп отыр. Өндірісті ауқымды жаңғырту жүріп жатыр, қымбат жабдықтар сатып алынуда, жаңа мамандықтар пайда болып, ескілері жоғалып барады. Осыған байланысты біздің алдымызда заманауи және нарыққа қажетті мамандарды дайындау міндеті тұр, - деп атап өтті ол. - Біз жұмыс берушілер жаңа станоктарда жұмыс істеуді кез-келген жұмыскерге сеніп тапсыра салмайтынын түсінеміз. Біз кәсіпорындармен жұмыс жүргіздік, олардың қажеттілігін зерттедік, енді олардың өздері оқытуға қатысуға дайын.
Қазіргі таңда дуалды білім беруді дамытуға басты назар аударылуда. Аталмыш жүйе бойынша студенттер 60% уақытын өндіріс ошағында өткізеді.
- Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және ірі компаниялардың қолдауымен біз колледждер жанынан 9 құзыреттілік орталығын құрдық. Ол орталықтарда кәсіпорындардағы сияқты жабдықтар орнатылған. Сәйкесінше, онда оқыған студенттер өндіріске дайын болып шығады, - деп түсіндірді Ерлан Қошанов.
Өңір басшысының айтуынша, мұндай тәсілді қолдану жұмысқа орналасу көрсеткішін 95%-ға жеткізеді, ал ескі әдістеменің нәтижесінде түлектердің төрттен бірі жұмыссыз қалып отырған.
Колледждерде мамандықтар сарапталып, талдау жасалды: жаңа мамандықтар ашылып, еңбек нарығында сұранысы жоқ мамандықтар алып тасталды.
Бұл шаралар кәсіби білім берудің тартымдылығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді, деп мәлімдеді аймақ басшысы.