Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық ахуал туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин айтып берді

Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық ахуал туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин айтып берді

Қарағанды облысында өткен тәулікте коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 115 жағдайы тіркелді. Өңір бойынша ең көп ауырғандар Қарағанды, Саран және Абай аудандарында.

Жалпы облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлады облыстың бас санитариялық дәрігері Юрий Залыгин Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен баспасөз мәслихатында. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда ауру-сырқаудың 3%-ға төмендегені байқалады.

– 50 жастан асқан адамдар арасында жағдайлардың саны артып келеді, бұл барлық тіркелген жағдайлардың 51% құрайды. Олардың көпшілігі вакцинация жасамады, – деді Юрий Залыгин. – Халықты, әсіресе қарт адамдарды, созылмалы аурулары бар адамдарды, жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді вакцинациялаумен қамтуды ұлғайту қажет. Тұрғындар елде омикрон штаммының пайда болуы мен таралуын болдырмау үшін, әсіресе демалыс және мереке күндері адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу үшін бар күшін салуы керек. Омикрон штаммы коронавирустың алдыңғы нұсқаларынан көптеген жаңа мутациялармен ерекшеленеді.

10 желтоқсандағы жағдай бойынша облыстың 587 350 тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді. Бұл жалпы халық санының 65,5% құрайды. Екінші компонентті 544 357 адам немесе 60,7% алды. Вакцинацияның толық курсынан өткендерде Ashyq жүйесіндегі «жасыл» мәртебе бір жыл бойы сақталады.

– Өңірде Comirnaty препаратымен вакцинация 15 қарашада басталды. 10 желтоқсанда бұл вакцинамен 7 002 адам егілді, оның ішінде жүкті әйелдер – 243, лактация кезеңінде әйелдер – 1 054, 12 жастан асқан жасөспірімдер – 5 705, – деп қосты спикер. – Осы жылдың желтоқсан айынан бастап елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің коронавирусқа қарсы ревакцинация мерзімін 9 айдан 6 айға дейін төмендету туралы қаулысы күшіне енді. Қайта вакцинациялауға Қазақстан аумағында үш және одан да көп ай тұратын, алғашқы вакцинациялаудың толық курсын алған шетелдік азаматтарды қоса алғанда, барлық адамдар жатады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда, білім беру объектілерінде жаңа жылдық ертеңгіліктерді ата-аналардың қатысуынсыз және басқа топтармен, сыныптармен біріктірілмей, топтық оқшаулауды қатаң сақтаған кезде өткізуге жол беріледі. Мерекеден кейін желдетіп, дымқыл тазалауды да ұмытпаған абзал.

– Облыс аумағында орын алған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, өз денсаулығыңызды сақтауға және жаңа жылдық корпоративтер мен бұқаралық іс-шараларға қатысуды шектеуді ұсынамыз, – деді қарағандылықтарға Юрий Залыгин. – Мұндай іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге 50%-ға дейін, бірақ 70-тен аспайтын орын толтырылған кезде және Ashyq жобасына қатысатын объектілер үшін және қызметкерлер мен келушілердің «жасыл» мәртебесі болған кезде ғана рұқсат етіледі.