Қарағанды облысының тарихи-өлкетану музейінде Алғыс күні қарсаңында «Бір ел – бір тағдыр» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Оған «Вайнах» шешен-ингуш орталығының, «Рідне слово» украин тілі серіктестігінің, «Видергебурт» неміс орталығы» қоғамының және «Полония» Қарағанды поляк қоғамының өкілдері қатысты.
Қатысушылар «1930-1950 жылдары Қазақстанға халықтардың қоныс аударуы: ортақ тарих» деректі фильмін тамашалады. Күштеп қоныс аударылған халықтардың қасіретті тағдырлары туралы естеліктерімен бөлісті. Өз халқыңның мәдениеті мен тілін, дәстүрін сақтауда ұлттық орталықтардың рөлі туралы айтылды.
- Қазақстан халқы Ассамблеясы – әртүрлі ұлттың мәдени орталықтарын біріктіреді, - дейді «Полония» Қарағанды поляк қоғамының өкілі Станислав Аймаганбетов. – Мысалы, біздің орталыққа кез келген адам келе алады. Бізде тіл мектебі жұмыс істейді және онда әртүрлі ұлт өкілдері поляк тілін үйреніп, мәдениетімен танысады. Біз Президенттің бастамасымен күнтізбеде Алғыс күні секілді мерекенің пайда болғанына қуаныштымыз. Мұндай мерекелер мен шаралар аса қажет. Мен жастар өзінің тегін ұмытпас үшін кездесулерді көбірек және жиі ұйымдастырып тұру керек деп санаймын.
Сонымен қатар Алғыс күніне арнап өлкетану мұражайының қорынан жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Онда ұлттық-мәдени орталықтар ұсынған материалдар да бар.