Қарағандыда оқушылар арасында мәнерлеп оқудан байқау өтті

Қарағандыда оқушылар арасында мәнерлеп оқудан байқау өтті

Кеншілер мәдениет сарайында мектеп оқушылары арасында мәнерлеп оқудан «Өлең, мен сені аялап өтем» атты байқау өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып, Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толуына орайластырылды.
Қала мектептерінің 5-8 сыныптарынан 47 оқушы байқауда бақ сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар Фариза Оңғарсынованың 1 өлеңін оқыса, екінші кезеңде ақынның шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді.
- Жыл сайын біз бұл байқауды әртүрлі жазушыларға арнаймыз. Бірінші алаш арыстарына арналды, екінші рет Мағжан Жұмабаев шығармашылығын ұлықтадық. Бір қуантарлығы, байқауға қатысушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Алғашқы байқауда 18 бала қатысса, биыл 50 оқушы өтініш берді. Келесі жылы конкурсты облыстық деңгейге көтеруге ниеттіміз, - дейді Кеншілер мәдениет сарайының мәдени-ойын сауық бөлімінің жетекшісі Самал Истаева.
Бірінші орынға әділқазылар №101 мектеп-лицейінің оқушысы Балауса Хамит лайық деп таныды. Екінші орын №92 гимназияның 6-сынып оқушысы Дидар Балмағанбетке берілді. Үшінші орын №101 мектеп-лицейінің шәкірті Әнел Мамбеталиеваға бұйырды.
«Үкілі үміт» арнайы сыйлығы тағы да сол №101 мектеп-лицейінің оқушысы Нұрай Қалқаманға табысталды. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.