
Балқашта алғаш рет қала әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығымен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға және қазақ тілін насихаттауға елеулі үлес қосқан тұрғындар марапатталды. Алдағы уақытта марапат жыл сайын қала тұрғындарын қоғамдық өмірдің барлық салаларында мемлекеттік тілді үйренуге және пайдалануға ынталандыру үшін берілетін болады.

Жеңімпаздар «Тіл майталманы», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», «Тіл жаршысы», «Тіл білгірі», «Мемлекеттік тіл – бизнесте», «Үздік оқытушы», «Мемлекеттік тіл – өндірісте» номинациялары бойынша анықталды.
Сыйлық иегерлерінің бірі А.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Сюзанна Овсепян болды. Бойжеткен «Тіл білгірі» номинациясын жеңіп алды. Сюзанна -қазақ тіліне арналған барлық қалалық іс-шаралардың белсенді қатысушысы.
– Менің жұмысымды бағалағаны өте жақсы. Бұл әрі қарай қозғалуға және тоқтамауға, қазақ тілін оның барлық алуан түрлілігінде үйренуге ынталандырады, – дейді Сюзанна Овсепян.
«Тіл жанашыры – 2021» арнайы номинациясын «Сары Қазына» ЖШС иеленді. Компания өз қызметкерлері үшін сабақтан қол үзбей мемлекеттік тілді оқытуды ұйымдастырып, сабақ өткізу үшін барлық жағдайды қамтамасыз етті.
Сыйлық лауреаттарына дипломдар, мүсіншелер және ақшалай сертификаттар табыс етілді.

«Тіл жанашыры» сыйлығымен бір мезгілде тағы бір марапаттау рәсімі өтті. «Әлихан Бөкейханов» қорының өкілдері «Абай және Әлихантану» сыйлығымен бастамашыл жас балқаштықтарды атап өтті. Аға буын «Құрметті құрылысшы» және «Әлихан Бөкейхан» медальдарымен марапатталды.

– Марапатталғандарды құттықтаймыз және барлық балқаштықтарды қазақ тілін өз өмірінде белсенді қолдануға, оны үйренуге шақырамыз. Тіл – халықтың жаны, оның рухани өзегі, күші мен бірлігінің қайнар көзі, ал мемлекеттік тілді білу – әрбір қазақстандықтың патриоттық парызы, – деді Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.