Канн фестивалінің жүлдегерлері Қарағанды көрермендерімен кездесті

Канн фестивалінің жүлдегерлері Қарағанды көрермендерімен кездесті

Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында «Айка» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Көрермендермен кездесуге фильмнің режиссері Сергей Дворцевой мен басты рөлді сомдайтын актриса Самал Еслямова келді.
Жас қырғыз қызының қиын тағдырын көрсеткен «Айка» фильмі Мәскеудегі еуропалық кинематографтың басты оқиғаларының бірі болды. Бұл фильм халықаралық Канн фестивалінің «Үздік әйел рөлі» номинациясында «Алтын пальма бұтағы» сыйлығын жеңіп алды. Фильм «Жылдың үздік шетелдік киносы» аталымында «Оскар-2019» сыйлығының тізіміне енді.
-Біз қазір осы фильмді әлемге таныстырып, көрермендермен сұхбаттасып жүрміз. Кейінгі жарты жылда үнемі сапардамыз. Қарағандыдағы көрермендеріміз бізді асыға күтті. Міне, осындамыз, сіздердің қалаларыңызда болғанымызға қуаныштымыз, -деді Сергей Дворцевой. –Алайда «Айка» фильмі авторлық болғандықтан, оны қабылдау қиындау, біз көрермендермен осы фильм жайлы сөз қозғауға тырысамыз.
Режиссер Айканың образы қалай туғанын айтып берді. Мұнда басты рөлдегі әйел перзентханада сәбиін тастап, өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен бұзақыларға қарызын қайтару үшін ауыр жұмыс істейді.
- Бұл оқиға желісі шынайы өмірден алынған, қателеспесем, 2012 жылы интернеттен 250 қырғыз әйелі өз балаларын Мәскеу перзентханаларында тастап кетті дегенді оқыдым. Бұл мені таңғалдырды, себебі мен Азияны білемін және бұл оларға жат нәрсе екенін де жақсы түсінемін. Біліп, сұрастыра бастадым. Шыныменде осындай тағдырлы адамдарға кезіктім. Содан сценарий жазылды, Ал, ары қарай мен түсірілім барысында сценарийді одан әрі дамытып, қашанда өмірмен байланыстырамын, - деп түсіндірді Сергей Дворцевой.
Оның сөзінше, Самал Еслямованы әу баста басты рөлге лайықты деп таныпты. Ол кезде олар «Тюльпан» фильмінде бірге жұмыс істепті.
- Оның киноға деген көзқарасы өте бай және ерекше. Мен көрермендер Айканың оқиғасын көз алдына елестетіп, дидарындағы кішкентай өзгерістер арқылы сезінгенін қаладым. Басты кейіпкер өзі туралы ештеңе айтпайды. Мен әдейі ол ақпаратты бермеймін. Бұл фильм – өмірдің бір бөлшегі, біз біреудің терезесіне үңілген іспетті. Түсіріп жатқанда Самалмен бірге кішкентай бөлшектерден бұл образды құрап шықтық, - дейді режиссер.
Самал бұл рөл оған қиын әрі қызықты болғанын мойындады.
- Кездесулерде әдетте көрермендер менен «Қалай ойнап шықтың? Қиын болған жоқ па?» деп сұрап жатады. Менің тәтелерім суықта тону керек тұстары көп болғанына қатты алаңдады, - дейді актриса. – Ең бастысы рөлді ұсынып жатқанда маған режиссердің айтқаны: мен ана мен бала арасындағы байланыс туралы фильм түсіргім келеді, деді. Бұл тақырып менің жаныма жақын. Өйткені, Мәскеуде оқып жүргенде мен өз анамды қатты сағындым. Ал, қоштасулар кезінде мен баланың анадан алыс кету қасіретін түсініп қана қоймай, сезіндім.
Алдағы уақытта «Айка» фильмінің ұжымы Гонконгқа сапарлауды жоспарлап отыр. Онда фильм Азия кино сыйлығына (Asian Film Awards)»Үздік әйел рөлі» номинациясына ұсынылған. Сонымен қатар Қытайда картинаның премьера алдындағы көрсетілімі өтеді.