
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз бизнесін ашуға дайын, идеясы бар, ақша тапқысы келетін жастарға арнап «Жас кәсіпкер» жобасын қолға алды.
«Жас кәсіпкер» - белгілі әрі тиімді «Бастау» жобасы аясында жүзеге асырылатын оқыту бағдарламасы. Қызықсыз дәрістер мен ескірген мәліметтер болмайды. Бұл жерде шынайы кейстер мен тек қана елдің ең үздік бизнес жаттықтырушыларының шеберлік сыныптары, сонымен қатар кәсіпкерлік іске бағытталған оқытулар болады.
Жастар жылында «Атамекен» жұмыссыз жүрген 18 бен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттерге жаңа «Жас кәсіпкер» жобасын енгізді. Аталмыш жоба «Бастау» жобасының баламасы болып табылады және әр стартапты тәжірибелі бизнес жаттықтырушылар жеке-жеке кәсіпкерлікке оқытады. Бұл жоба арқасында жастар жаңа білімді игеріп, біліктіліктерін арттырып, өздерінің кәсіптерін ашуға мүмкіндік алады. Жобаға қатысқан соң жастарға грант алып, өз кәсіптері үшін алғашқы капитал ретінде жеңілдетілген қаржы алуларына мүмкіндік туады, - дейді "Атамекен" ҚР ҰКП жаппай кәсіпкерлік және микроқаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.
Оқыту барысында практикалық тапсырмалар қолданылып, кейстер мен іскерлік ойындар өткізіледі. Өз ісін енді бастаған кәсіпкер үшін "Атамекен" филиалдық желілері арқылы іске асқан стартап жобаларды одан әрі қолдау қарастырылған.
Қарағанды облысының «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметінің ақпараты бойынша