
Қарағандыда Станиславский атындағы театрда бүгін Алғыс күні аталып өтілді. Салтанатты шараға аймақтың барлық этномәдени бірлестіктері қатысты.
Театр холлында бірнеше қызықты көрме қойылды. Тамашалаушылар жергілікті өнім шығарушылар ұсынған құрт пен қымыздан дәм татты. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан жеткізілген түрік-қыпшақ кезеңінен сыр шертетін «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталған көрме де көпшіліктің назарына ұсынылды. «Ұлы даланың әнұраны» көрмесінде киізден жасалған колөнер бұйымдары қойылды. Онда осы материал қуғын-сүргін жылдары репрессияға ұшыраған адамдарды суықтан қорғап қалғаны еске салынды. Шарада әртүрлі ұлт тілінде «Рақмет, Қазақстан!» деп жазылған плакаттарды да көруге болады.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі «Қасіреті де, қайғысы да менің жадымда» көрмесін ұйымдастырды.
- Біздің көрмеде саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің материалдары қойылды. Қазақстанға тарихи қасіретті оқиғалар кезеңінде келген адамдар кітаптар, құжаттар, баннерлер, жәдігерлер, суреттер және жеке заттарын әкелді, - дейді саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің бөлім басшысы Андрей Дребезгов. – Алғыс айту күні – бір-біріне деген сыйластық, қазақ халқына деген елімізде тұратын ұлттардың құрметі. Олар қиын қыстау заманды бірге өткеріп, аз уақыт ішінде Елбасының басшылығымен күш біріктіріп, тәуелсіз Қазақстанды құрды. Бүгінде Қазақстан көп ұлтты, ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылық орнаған елге айналды.
- 1 наурыз – адамдардың бір-біріне алғыс білдіріп, қайырымдылық танытатын, бейбітшілікке шақыратын келісім күні. Өте мейірімді, жарқын мейрам, - дейді ҚХА «Ахска» түрік орталығының өкілі Виолетта Фокс.
Қатысушылар үшін би ұжымдарының, әншілердің, әтномәдени орталық бірлестік өкілдерінің, Т әттімбет атындағы өнер колледжі студенттерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» спектаклі сахналанды. Шығармада әскери тұтқындарға арналған Қарағанды лагерлерінде болған адамдардың тағдыры суреттеледі.
Тарихыңды ұмытпауға шақыру – бұл мейрамның негізгі мақсаты. Бұл күні әртүрлі ұлт өкілдері қазақ халқына күштеп қоныс аударғандарды құшақ жая қарсы алып, қолындағысымен бөліскені үшін алғыс айтады.
1 наурыз күні Алғыс айту күнін Қазақстан 2016 жылдан бері атап өтіп келеді. Бұл мейрамды Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың сәуірінде 20 жылдықты тойлау аясында өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясында ұсынған болатын.
Бұл күн тегін таңдап алынған жоқ. Себебі 1 наурыз 1995 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде оның құрамында 800 этномәдени бірлестік бар.
Сонда мемлекет басшысы: «Бұл мереке – қазақстандықтардың бір-біріне деген махаббатының, достығының, мейрімділігінің мейрамына айналады. Ел халқы бір-біріне алғыс айтып, қазақ халқына көп ұлт қоныс аударып жатқанда танытқан шыдамдылық пен қонақжайлылық үшін ризашылық білдіре алады», - деген болатын.