Қарағандыда үздік тарих пәнінің ұстаздары марапатталды

Қарағандыда үздік тарих пәнінің ұстаздары марапатталды

Қарағандыда тарих пәні мұғалімдерінің екі күндік форумы өтті. Оған облыстың барлық қала-аудандарынан 250 педагог қатысты.
Форум жұмысы мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жеті бағыт бойынша ұйымдастырылды. Бұл атқа міну мәдениеті, Ұлы даланың көне металлургиясы, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтар отаны.
Оқытушылар үшін семинарлар ұйымдастырылды. Тренингтерді тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Абжанов, «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев және «Тұлғатану» ҒЗО директоры Нұрсахан Бейсенбекова өткізді.
Форумда жәдігерлерді оқушылардың ұстаздарымен бірлесе дайындаған көрмесі қойылды.
- Біздің шәкірттеріміз сандық технология мен тарихты байланыстыруға тырысты. Біз бұл көрмеге ең үздік жұмыстарымызды әкелдік. Олар әйгілі Жібек жолы біздің Ұлытау арқылы өткенін, көне металлургиялық пештер қалай жұмыс істегенін көрсетеді, - дейді Жезқазған қаласындағы №13 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ләззат Әбдраманова.
Жыл сайынғы тарихшылар форумы Қарағанды облысы білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Онда «Үздік тарих мұғалімі-2019» облыстық байқауының соңғы кезеңі өтті.
Биыл байқаудың ақтық сынына 7 педагог шықты. Олар өздерінің авторлық және жаңашыл жобаларымен ерекшеленді.
- Бізге таңдау қиынға соқты. Өйткені 43 өтініш келіп түсті. Әрқайсысы өзіндік бірегейлігімен, шынайылығымен ерекшеленді. Финалистер өте қатты тырысқан. Инновация мен тарихты қалай байланыстыру керек екенін көрсетті, - дейді Қарағанды облысының білім дамыту оқу-әдістемелік орталығының директорының орынбасары Бақытгүл Әбдікерова.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, форумның мақсаты – ел тарихын ұлттың рухани жаңғыруы арқылы түсінуге мүмкіндік беретін жаңа жолды анықтау.
Облыстық «Үздік тарих мұғалімі-2019» Бас жүлдесін Жамбыл атындағы мектеп-интернатының оқытушысы Бақыт Баймұхатова иеленді. Бірінші орын Саран қаласының №17 ОБМ ұстазы Никита Максименкоға берілді. Екінші орынға Жезқазған қаласының №13 ЖБМ педагогі Ләззат Әбдраманова лайықты деп танылды. 3-ші орын Теміртау қаласындағы Ғ.Мұстафин атындағы ОБМ тарих пәнінің мұғалімі Ақмарал Ахметоваға бұйырды.
«Сөз шебері» номинациясы бойынша М.Русаков атындағы №2 МИ (Балқаш) мұғалімі Жанат Айдос үздік деп танылды. «Үздік таныстырылым» номинациясы бойынша Ә.Бөкейханов атындағы №76 ОБМ (Қарағанды) мұғалімі Салтанат Рысбаева марапатталды. «Үздік шеберлік сабағы» аталымы бойынша Жаңаарқа ауданының №132 ОБМ ұстазы Инабат Икенова жүзден жүйірік шықты.