Қарағандыда мектеп мұғалімдері өздері құрастырып шыққан электронды оқулықтарын қазылар назарына ұсынды. Сандық білім ресурстары қалалық байқауы осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Биыл бірінші сырттай кезеңде 11 білім мекемесінен 25 педагог қатысты. Ақтық сынға 11 жұмыс таңдалып алынды.
Соңғы кезең №3 гимназияда өтті. Финалға шыққандар «Adobe Captivate», «Macromedia Flash», «HTML» бағдарламаларында құрылған жұмыстарын ұсынды.
Бұл барлық электрондық кітаптар оқу барысында қолданылып жүр. Білікті мамандардан құралған қазылар олар оқу процессінде қаншалықты ыңғайлы әрі пайдалы екенін бағалады. Мазмұны мен әдістемесі, дизайны назарға алынды.
Нәтижесінде №73 мектептің бір топ мұғалімдері әзірлеген математика бойынша электронды кітап үздік деп танылды. Аталған оқу ордасы байқауға тағы екі сандық ресурс ұсынды: дамуында тежеу бар балаларды оқыту, сабақтарда ақпараттық-компьтерлік технологияны енгізу бойынша.
Екінші орынды №92 гимназия мұғалімдері құрастырған қазақ тілі бойынша электрондық кітап жеңіп алды. Үшінші орын №93 гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғаліміне берілді.
Қалған жұмыстардың авторлары «Шеберлік пен кәсібилік үшін», «Оқытудағы инновациялық әдіс», «Креативтік және жаңа идеяларды жүзеге асырғаны үшін», «Жоғары стандарттарға ұмтылғаны үшін» және т.б. аталымдар бойынша марапатталды.
Үздік цифрлық ресурстар басқа да мектептерде қолдануға ұсынылады.
Фото kargoo.gov.kz