
Қарағанды облысындағы билік басшылары Президенттің көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына баспана алуда қолжетімділікті арттыру тапсырмасын орындап жатыр. Облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге тұрғын үй сертификаттарына қаражат бөлінген. Осындай ақша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» үшін де жеңілдетілген несие беруге қарастырылған.
- Қарыздар келесі талап бойынша беріле бастайды. Несие бойынша мөлшерлеме жылына 2%-дан көп болмайды. 15 миллион теңгеге дейін алуға болады. Бірінші жарна 10%-дан жоғары емес, жергілікті атқарушы орган бөлетін тұрғын үй сертификатын толығымен өтейді. Қазір әлеуметтік тұрғыда осал топ үшін арнайы бағдарлама құрылып жатыр, - деп хабарлады «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының директоры Қуат Төлеуханов.
Ол көмекті көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, толық емес жанұялар, мүмкіндігі шектеулі жандары бар отбасылар пайдалана алады. Үміткерлердің басында жеке үй болмау керек. Комиссия оны тексеретін болады. Қарызға берілген қаражатқа несиелік баспананы, жаңа тұрғызылған үйден пәтер немесе екінші нарықтағы үйлерден және жер үй алуға болады.
Банк өкілі қарыз ақшаны қалай қайтару керектігін айтып берді. Оның сөзінше, төлемдер максималды 19 жылға бөлінеді.
6 млн.теңгеге үйді алғанда алғашқы 8 жылда ай сайын несие төлемінің көлемі 31 600 теңгеден болады. Ал қалған 11 жылда бұл сомма 1,5 есеге азаяды. Егер баспана 10 млн.теңге болса, алғашқы 8 жылда айына 52,5 мың теңгеден төлейді, ары қарай 36 мың теңгеден қайтарып отырады.
Банк көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың төлем қабілетін тексеру барысында түсіністікпен қарауға уәде береді. Қазір жаңа механизмді құру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деді спикер.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмахановтың сөзінше, бұл қолдаулардың арқасында 150-ден астам отбасы баспана мәселесін биыл шеше алады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019 жылы жалдамалы тұрғын үй бойынша 486 пәтер, несиелік – 480 пәтер салу жоспарланған.