
4 наурыз «Әнет баба» облыстық мешітінде имамдарға жұмыспен қамту саласы және кәсіп ашу бойынша мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында семинар өтті.
Семинарға облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов, Қарағанды облысының дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Бикенов, сонымен қатар жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, қаржылай қолдау қорының өкілдері қатысты. Қатысушылар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының, бизнесті қолдау және дамыту, ауылдық жерлерде шаруашылықтарды дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несиелердің негізгі бағыттары мен міндеттері туралы айтты.
Семинарды қортындылай келе Асхат Аймағамбетов дін басшылары қашанда қайнаған ортада жүретінін атап өтті. Адамдармен кездесіп, олардың мәселесін шешуге көмектеседі. Сондықтан мемлекет экономиканы дамыту үшін, халықтың әл-ауқтан жақсартуда қандай шаралар қолданып жатқанынан имамдар хабардар болуы керек. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының мемлекет басшысы XVIII съезде айтқан «Бақуатты қоғам: онжылдықтың он мақсаты» бағдарламасы туралы да тілге тиек етті.
Облыс әкімінің орынбасары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтып өтті. Олар үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» баспана алу үшін пайыздық мөлшерлемелер төмендетілген. Сонымен қатар өз ісін ашу үшін жеңілдетілген несиелер қарастырылған.
Мешіт имамдары жәрдемақы, жеңілдетілген несиені алу жолдары көрсетілген инфографика жасауды сұрады. Кейін ол ақпаратты әлеуметтік желілерде, «What’sApp» арқылы таратуға болатынын алға тартты. Асхат Аймағамбетов мұндай материалдар құрастырылғанын, алдағы уақытта әлеуметтік желілерде таратылатынын атап өтті. Аймақтың өзекті мәселелерін ортаға салып, талқылау үшін мұндай шаралар, семинарлар, кездесулер жиі өткізіліп тұратыны да мәлімделді.