Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды аралау басталды

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды аралау басталды

Қарағанды обылсында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары жаңа форматта жүргізіле бастады. Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары аулаларды аралап, әр отбасының мәселесін, денсаулық жағдайын, жұмыспен қамтылуын анықтап, әлеуметтік карта құруда.
Мысалы, Абай ауданында жұмыспен қамту орталығының көшпелі мобильді тобы жұмыс істейді. Бір айдың көлемінде ол 600-ге жуық отбасыға барған. Оның мамандары адамдарға жұмыспен қамту мәселесінде көмектесіп, әлеуметтік атаулы көмекті төлеудің жаңа механизмі туралы айтады.
Жұмыспен қамту мобильді орталықтары барлық аймақтарда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пайда болуда. Оның басымдықтарының бірі – бүгінгі таңда көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен жұмыс.
- Біз аулаларды аралап, әр отбасымен жеке жұмыс істейміз, қандай мәселелері бар екенін сұрап білеміз. Барлығына бірінші сәуірден атаулы әлеуметтік көмек төлеу механизмі өзгеріп жатқанын түсіндіреміз. Дәлірек айтсақ, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау талаптары күн көріс шегінен 50 пайыздан 70 пайызға дейін жоғарылайтынын айтамыз. Біздің кеңесшілер әр отбасының жалпы табысын санайды және қанша алатынын анықтайды. Қазіргіден алдағы алатын соммасында айырмашылық үлкен болады, - дейді Абай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сейфуллина.
Айырмашылық шынымен әжептәуір болады: Наталья Кульбекованың жанұясы 12 мыңның орнына 103 мың теңге алатын болады.
- Біздің төрт баламыз бар. Ең үлкені 15 жаста, кішісі 9 айлық. Жолдасым мүгедек, жұмыс істей алмайды, зейнетақы алады. Сондықтан біз үшін бұл үлкен көмек. Өйткені балаларға бар жақсыны бергің келеді ғой, - дейді Наталья.
Индира Дианованың отбасында да 4 бала. Үлкені жақында тоғыз жасқа келді. Кішкентай баласы бес жаста. Мамандығы бойынша ол бағдарламашы, алайда мамандығымен жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаған. Оның жолдасы түзету мекемесінде бақылаушы болып жұмыс істейді және айына 100 мың теңге көлемінде ақша алады.
- Әрине қиын. Балаларға киім-кешек керек, тамақтандыру қажет. Біз төрт балаға бар-жоғы он мың теңге алып келдік. Енді 91 мың теңге алады екенбіз. Бұл әрине, біз үшін үлкен көмек. Елбасымызға алғыс білдіремін, - дейді Индира.
Мұнымен жақсы жаңалық таусылмайды. Жәрдемақы көлемінің көбеюімен қатар көпбалалы ата-аналарға өз ісін ашуға қайтарымсыз гранттар алуға болады. Бұл бағдарламаға қатысу үшін бірқатар құжаттарды жинап, бизнес-жоспар құрып, бизнесін енді бастаушылар курсынан өтуі тиіс.