Ерлан Қошанов әйелдерді 8-наурыз мейрамымен құттықтады

Ерлан Қошанов әйелдерді 8-наурыз мейрамымен құттықтады

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Ерлан Қошанов аймақтың әйелдер қауымымен кездесті.
Кездесуге еңбек ардагерлері, өнеркәсіп кәсіпорындарының, ауыл шаруашылығының жұмысшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ұстаздар, спортшылар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар шақырылды. Барлығы 40 нәзік жанды жылы лебіздер естіп, мерейлері тасыды.
- Қарағандылық әйелдер біздің болжай алмайтын ауа райымыз секілді. Дала аязы сияқты күшті және күндей нұрлы. Ел бойынша сіздер ең әдемісіздер. Экономикада жұмыспен қамтылғандар 64% құрайтын – әйелдер. Бұл дегеніміз – біздің аймағымыздың өркендеуі бірінші кезекте сіздердің еңбектеріңіздің арқасында. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын, - деп ағынан жарылды аймақ басшысы.
Ерлан Қошанов көпбалалы отбасылардың жұмысын жеке атап өтті. Бүгінде оларға үлкен көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті.
-Болашағын ойлайтын мемлекет – алдымен әйелдерге құрмет көрсетуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің көпбалалы отбасыларымызға айрықша назар аударылуда.
Облыс әкімі жақында Президент атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін көбейтуді, көпбалалы отбасыларының тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қолдануды тапсырды. Бұдан бөлек, облыста көпбалалы аналарды, қиын жағдайдағы әйелдерді қолдауға қосымша нақты шаралар құрылған.
Сонымен қатар, аймақ басшысы 8 көпбалалы анаға мемлекеттік награда – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табыстады. Аттарын атап айтар болсақ, Зәурен Төлеубай, Валентина Кондаурова, Кәмшат Темирова, Роза Бекмағамбетова, Аян Доспаева, Разия Бегасланова, Гүлден Шакишева және Салима Морозова.
- Менің жасым 29-да, алты балам бар. Жетінші баламыз жақында дүниеге келеді, - дейді көпбалалы ана Салима Морозова. – Мемлекеттен біз белгілі бір жеңілдіктер және атаулы әлеуметтік жәрдемақы аламыз. Бізді аймақ басшысымен кездесуге шақырғанына қуаныштымын. Осы марапат үшін алғысымды білдіремін.
Басқосуға келген барлық қатысушыларға гүлдер мен естелік сыйлықтар табысталды.