Қарағанды облысында үш жылдық бюджет бекітілді

Қарағанды облысында үш жылдық бюджет бекітілді

Қарағанды облысында алдағы үш жылға арналған бюджеттің жартысы әлеуметтік салаға бағытталатын болады. Облыстық қазынадан кеншілер мен жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламаларға да ақша бөлінеді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 2022 жылдан бастап «Отбасы банкімен» бірге тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті қарыздарды іске қосуды тапсырды.

Облыстық мәслихаттың депутаттары онлайн режимінде өткен IX сессияда 2022–2024 жылдарға арналған өңір бюджетін бекітті.

Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башаринаның айтуынша, облыстық қазынаға 365,1 млрд теңге көлемінде түсімдер жоспарланған. Бұл ақшаны бөлу кезінде әлеуметтік сала, экономиканың нақты секторын дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басым бағыттар болып қала берді.

Облыста әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеу, қолжетімді тұрғын үй құрылысы жалғастырылады. Бюджет қаражаты инклюзивті білім беруді одан әрі дамытуға және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта құруға бағытталатын болады. Тағы бір маңызды бағыт – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Биыл шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру мемлекеттік тапсырыс арқылы 11 мыңнан астам баланы қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыс жалғасады.

Сессияда 2022 жылға жоспарланған бірқатар маңызды жобалар айтылды. Қарағандыда дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылады. Келесі жылы облыстық балалар ауруханасының, онкологиялық диспансердің операциялық блогының құрылысын аяқтау қажет. Үшінші жылу құбырының құрылысы және халықты газдандыру жұмыстары жалғасады. Жезқазған өңірінде сапалы ауыз су мәселесін шешу үшін Үйтас-Айдос суағарын қайта жаңартуды бастау жоспарлануда.

– Бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және ұтымды пайдалану біздің жұмысымыздың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Облыс бюджеті әлеуметтік бағдарланған күйінде қалып отыр. Біздің басты мақсатымыз – облысты одан әрі дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сессияда депутаттар сондай-ақ стратегиялық құжаттарды бекітті: Облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарлары және үш жылға арналған табиғатты қорғау іс-шаралары.