
Қарағандылық Думан Әкім мен Рузи Шихов «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жас таланттар байқауында жеңіске жетті. Жеңімпаздарға 3 млн теңге көлеміндегі гранттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында жазда жарияланды. Оның негізгі мақсаты жастардың жаңа шығармашылық идеялары мен креативті бастамаларын мемлекеттік қолдау болды. Бірнеше бағыт болды: «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес» және «Медиа». Нәтижесінде 410 өтінімнің ішінен еліміздің 12 өңірінен үздік 30-ы іріктелді. Жеңімпаздар арасында екі қарағандылық болды.
Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің оқытушысы Думан Әкім «Мәдениет» бағытында жеңіске жетті. Комиссия оның «Театр-Шығармашылық-Талант» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер театр фестиваль-байқауының жобасын атап өтті.
– Жеке тұлғаны қалыптастыруда мәдениетке ерекше рөл беріледі. Өскелең ұрпақты өнерге қызықтыру үшін мен "Театр-Шығармашылық-Талант" жобасын дайындадым. Балалар сахнада өнер көрсететін бірегей театр ашуды, мәдениет пен өнер арқылы елімізді танытуды армандаймын. Грант талантты жастарға өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді Думан Әкім.
Жезқазған көп салалы ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Рузи Шихов «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша грант иегері атанды. Ол Donormyn мобильді қосымшасын әзірлеушісі болып табылады.
– Қан тапсыру – елдің ұлттық қауіпсіздігі мәселесі. Біздің жүйеміздің арқасында біз Қазақстанда қан донорларының санын халықаралық стандарттар деңгейіне дейін ұлғайтқымыз келеді (1 000 тұрғынға 40-60 адам). Егер Астанада және республикалық маңызы бар қалаларда бұл сан халықаралық стандарттар деңгейінде болса, өңірлерде ол аз. Грант қаражаты сайт пен қосымшаны әзірлеуге жұмсалады, – деп атап өтті Рузи Шихов.