Кәсіпкерлер енді несиеге Atameken services порталы арқылы өтініш бере алады

Кәсіпкерлер енді несиеге Atameken services порталы арқылы өтініш бере алады

Atameken services порталында кәсіпкерлерге арналған «Несиелік агрегатор» жаңа қызметі пайда болды. Ол жүйенің тиімділігі туралы аймақтық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов айтып берді.
- Atameken services жаңартылған порталында бизнес үшін тиімді «Несиелік агрегатор» өнімі пайда болды. Жаңа қызмет кәсіпкерге кеңсесінен шықпай-ақ несие алуға мүмкіндік береді. Бұл өтініш еліміздің барлық негізгі банктері мен қаржылық институттарына автоматты түрде жіберіледі. Сонымен қатар «Atameken services» арқылы «Бастау» және «Бизнес мектеп» жобаларына қатысу үшін «Atameken.Academy»-ге тіркелуге болады, - деп түсіндірді Ернар Күлпейісов.
Сондай-ақ порталда, кәсіпкерлерге заңгерлік көмек ұсынатын «Құқықтық орта» бөлімі бар. Мұнда заңға қатысты ең өзекті сұрақтар базасы жинақталған. Бұдан бөлек, тікелей Кәсіпкерлер палатасының мамандары көмегіне жүгінуге болады.
- Біздің портал арқылы тегін бизнес жоспар құруға, салық есебін жасауға, нарыққа маркетингтік зерттеу жүргізуге болады. Барлығы төрт бағыт бойынша 60 сервистік қызмет қолжетімді: «Қаржыландыру», «Құзіреттілік», «Құқықтық орта», «Өнімді өткізу». Портал кәсіпкерлердің өтініш-тілектері ескеріліп, алдағы уақытта да техникалық тұрғыда дамытылады, - деп атап өтті Ернар Күлпейісов.