
Қарағандыда Бейбітшілік гүлзары мен Н. Төлепов көшесін біріктіру және қайта атау арқылы – Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жаңа даңғыл пайда болды. Шешім қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXXVI сессиясында бірауыздан қабылданды. Қала жұртшылығы, Қарағанды қаласының құрметті тұрғындары, ардагерлер бұл шешімге қатысты қолдау білдірді.
Бүгін сонымен қатар облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті, онда депутаттар бұл шешімді бірауыздан қолдады.
- Қарағанды облысы әрқашан Елбасының еңбек және саяси отаны болды, ал Бейбітшілік гүлзарын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атау туралы шешім ерекше мәнге ие. Осы көшеде біздің өңірге ерекше көңіл бөліп, жылумен қарайтын Тұңғыш Президентіміз оқып, жұмыс істеген. Бұл көше – қаладағы ең әдемі көшелердің бірі, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.
Қоғам өкілдері Ұлт Көшбасшысының тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтті. Қарағанды қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Виктор Охманның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен даңғылды атау - бұл Елбасының еңбегін бағалаудың аз ғана көрінісі.
- Біз, қарағандылықтар, Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы білеміз және ол Қарағанды жерінде еңбек жолын бастағанын мақтан тұтамыз. Ол шахтерлерге көп көңіл бөлді, адамдарға өте қамқор болды. Нұрсұлтан Назарбаев өте қарапайым адам және Президент бола отырып, өз атын көтеруге мүмкіндік бермеді. Қазір бізге, қарағандылықтарға, елбасына құрмет көрсетуге уақыт келді. Оның есімімен даңғылды атау өте дұрыс және парасатты шешім деп санаймын, - деді Тұңғыш Президенттің замандасы Николай Дрижд.