
Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін ай сайын жалақы қорының 3 %-ын (2021 жылы – 2 %) аударатын болады. Жұмыскерлердің медициналық сақтандыру жарналары бұрынғыша – еңбекақының 2 % қалады.
– Медициналық сақтандыру туралы Заңға сәйкес, жұмыс беруші өз қызметкері үшін қызметкердің жалақысынан ұсталатын жарналарды төлейді және еңбекақы төлеу қорынан, яғни жұмыс берушінің қаражатынан аударымдар жасайды. Бұл жарналар мен аударымдардың тұрақтылығы қызметкерге «сақтандырылған» мәртебесін және МӘМС кеңейтілген пакетінен медициналық қызметтерді пайдалану құқығын қамтамасыз етеді, – деп атап өтті медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
2021 жылғы қазан айындағы деректер бойынша Қарағанды облысында 62 мыңнан астам жалдамалы қызметкер сақтандырылмаған күйінде қалып отыр. Мәртебенің болмау себептерінің бірі жұмыс беруші төлейтін жарналар мен аударымдардың уақтылы болмауы болып табылады.
«Сақтандырылған» мәртебесін алу және сақтау үшін жалдамалы қызметкерде соңғы 12 айда медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар бойынша берешек болмауы тиіс екенін еске саламыз.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша