Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Италиядан келетін 300-ге жуық команда RoboLand-2019 фестиваліне қатысады

Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Италиядан келетін 300-ге жуық команда RoboLand-2019 фестиваліне қатысады

29-30 наурызда Қарағандыда «Жастар» спорт кешенінде робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар Халықаралық фестивалі өтеді. Бүгінгі таңда ол жаңа технологиялармен әуестенген балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақстандағы ең ірі алаң болып табылады.
Фестивальді Қарағанды облысының білім басқармасы Халықаралық спорттық және білім робототехника ассоциациясының, Kazdidac Ассоциациясының, демеушілер мен серіктестердің қолдауымен ұйымдастырады. Оның басты мақсаты – балалардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту; инновациялық қызметті дәріптеу; білім беру робототехника саласында озық тәжірибе алмасу; мықты робототехникалық командаларды анықтау.
2018 жылғы Фестиваль қатысушылар мен санаттар бойынша рекордты көрсеткіштерге жеткен болатын. Ал биылғы жылы RoboLand өз форматын өзгертті. Мерейтойлық, бесінші фестиваль шығармашылық ұранымен өтеді: Энергия. Жаңа мазмұн. Барлығы – бес!
Ұйымдастыру комитеті жарыс үшін ең қызықты 13 санатты таңдап алды. Өз шеберлігін мықты командалар көрсетеді.
Ол үшін іріктеу турлары өткізілді. Тек Қарағанды облысында ғана қалалық және аудандық жарыстарға 1000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты. Жеңімпаздар RoboLand жолдамасын алды.
RoboLand V фестивальге 300-ге жуық команда тіркелді. Бұл 600-ден астам адам. Қатысушылар Қазақстанның елордасы, Алматы, Шымкент және республиканың барлық облыстарынан, Ресейдің төрт өңірінен: Томск облысы, Челябинск, Новокузнецк (Кемерово облысы), Тольятти (Самара облысы), сондай-ақ Өзбекстан (Ташкент қаласы) және Италиядан (Sicily, Pachino) келеді.
RoboLand-Friendship бірегей санатының тұсаукесері өтеді. Фестиваль үшін оны қарағандылық мамандар әзірлеген. Жарыс Достық қағидатына негізделген. Бұл категорияны итальяндық команда таңдады.
Тағы бір жаңа санат - АГРО CITY FARMING. Фестивальде алғаш рет биоинженерия саласындағы жобалар байқауы өтеді.
Биыл мектеп жасына дейінгі балалар саны артты. STEM ROBOT MOUSE санатында 4-6 жастағы балалар кіретін 18 команда жарысады.
Жарыстың бас төрешісі – Максим Васильев, халықаралық спорттық және білім беру робототехника қауымдастығының президенті (Мәскеу қ.). Төрешілікті тәуелсіз кәсіби алқа жүзеге асырады. Қорытынды электронды тәсілмен жүргізіледі.
RoboLand фестивалі Қарағандыда 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді. 2016 жылдан бастап ол халықаралық мәртебеге ие болды. Осы жылдар ішінде Қарағандыда фестивальге Ресей, Қырғызстан, Сербия, Польша командалары қатысты.