
Қарағанды облысына білім саласының болашағын талқылау үшін қазақстандық және шет елдік мамандар мен сарапшылар жиналды. Бүгін Достық үйінде Халықаралық робототехника фестивалі қарсаңында Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Білім берудегі инновациялық тәсілдер жас ұрпақ жетістіктерінің құралы ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
- Осыдан бес жыл бұрын біз Қарағанды облысында бірінші RoboLand фестивалін өткіздік. Уақыт өте келе ол дәстүрлі шараға айналып, халықаралық мәртебеге ие болды. Осы жылдар аралығында фестиваль ауқымы мен қатысушылардың деңгейі өсті. Біз жарысты пікірталас алаңын ұйымдастырумен біріктіруді шештік. Биыл екінші рет «Қарағандылық кездесулер» өткіземіз. Мұнда пікір және тәжірибе алмасу, бірлесіп жұмыс жасау жолдарын қарастыру жүріп жатыр. Бұл достықтың өзіндік бір көпірі деп айтар едім, - дейді білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.
Ол бүгінде бүкіл әлемде STEM-білім беруді енгізу өзекті болып табылатынын атап өтті. Дөңгелек үстелде мектепке дейінгі білім берудің барлық деңгейлері талқыланды.
«Ресейді жыл мұғалімі -2018» байқауының лауреаты, Екатеринбург қаласының информатика пәнінің мұғалімі Максим Новиков оқытудағы электрондық квестерді пайдалану туралы айтып берді. Алматыдан келген маман Тамара Стрельникова есту қабілеті бұзылған балаларды оңалтуда робототехниканы пайдалану тәжірибесімен бөлісті.
Дөңгелек үстелде Ресейдегі RoboCupJunior өкілі Евгений Шандаров (Томск қ.), Сүлеймен Демирел университетінің ректоры Қанат Қожахмет, Қазақстандық Автоматтандыру және робототехника қауымдастығының президенті Владимир Төреханов, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпазы, Microsoft ТМД серіктестік шешімдер стратегиясын дамыту жөніндегі маман, өнертапқыш Санжар Мырзағалым сөз сөйледі.
Томск қаласынан да үлкен делегация келді. Қарағанды облысы Сібір өңірімен білім беру саласында тығыз ынтымақтастық орнатты.
Сонымен қатар биыл фестивальге итальяндықтар да қатысады.
- Италияда, Генуя қаласында робототехника мектебі бар. Біз робототехниканың түрлі фестивальдарына қатысамыз. Қарағанды қаласында өтетін фестиваль туралы біліп, ұшып келуді шештік. Жаһандық әлемде бүкіл ғаламшар үшін ортақ проблемалар бар және оларды шешуге ғылым мен достық көмектесе алады, - деп санайды Пакино қаласындағы физика-математика техникалық лицейінің профессоры Сальваторе Кавалло (Сицилия). – Әр елден келген адамдар кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісе алатын алаңдар болғаны жақсы. Біз мұнда алты студентпен келдік. Фестивальда мүгедектерге тек қауіпсіз қозғалу тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен өнерді тану тұрғысынан да көмектесе алатын робот-досының жобасын ұсынамыз.
Осы күні шетелдік мамандар Облыстық білім беру ұйымдарында болып, шеберлік сыныптар мен тұсаукесерлер өткізді.
29-30 наурызда Қарағандыда «Жастар» спорт кешенінде робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар RoboLand-2019 V Халықаралық фестивалі өтеді.