
Арнайы инфографикада біз Қарағанды облысының қалалары мен аудандары басшыларының барлық жеке парақшаларын жинадық. Мысалы, қазір барлық әкімдердің арасында әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушылар қатарында Сәтпаев, Саран, Осакаров және Жаңаарқа аудандарының әкімдері бар. Олардың пікірінше, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін жұмыста пайдалану өте ыңғайлы. Бұл тұрғындармен тікелей байланыс орнатып қана қоймай, қол астындағы қызметкерлердің жұмысын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
«Тұрғындармен тікелей жұмыс істеу, ең түйіткілді мәселелерді шешу үшін тегтерді қолдану аппаратқа қандай да бір проблемаларды назардан тыс қалдырмауға мүмкіндік береді. Мұндай байланыс өте маңызды, себебі бүкіл әкімдік жұмысының нақты нәтижелілігін дәл осылай бағалауға болады. Жалпы, барлық бөлімдер мен орынбасарлар әлеуметтік желілер арқылы өтініштер бойынша жеке қатаң бақылауда екенін біледі, сондықтан салғырттықа бой бермей, қандай да бір мәселелерді тиімді шешуге тырысады», - дейді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.
Айта кету керек, жергілікті шенеуніктер халықпен ғаламтор арқылы байланыс орнатуды бұрыннан тырысуда. Көптеген әкімдердің жеке аккаунттары құрылғанына біраз уақыт болса да, олардың барлығы белсенді пайдаланушылар деп айтуға болмайды. Дегенмен, жергілікті билік басшылары өз аумақтарында қандай жағдай болып жатқаны және тұрғындар не жазып жатқаны туралы әрдайым хабардар екенін айтуда.
Ал адамдардың барлық ескертулері мен ұсыныстарынан хабардар болу үшін ғана емес, сондай-ақ оларға жедел әрекет ету үшін Қарағандыда арнайы жаңа жоба енгізілуде. Жақын арада бірыңғай үйлестіру орталығы ашылады. 112 телефон нөмірі бойынша тұрғындар өрт сөндіру, жедел жәрдем, полиция шұғыл қызметтерімен хабарласа алады. 109 нөміріне ТКШ, абаттандыру, жолдардың жай-күйі және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша өтініштер, шағымдар мен ұсыныстар қабылданады.
Азаматтардың өтініштеріне ден қоюдың сапасы мен жеделдігін Қарағанды облысы әкімінің Ахуалдық орталығы қамтамасыз етеді. Орталықтың басты міндеті – мемлекеттік ақпараттық жүйелердің барлық деректерін жинақтап, өңдеу және міндеттердің орындалуын қадағалау болып табылады.
Бірыңғай үйлестіру орталығының жұмысы нәтижесінде жиналған ақпарат бойынша әлеуметтік мәселелер картасы жасалады. Оған барлық тілек білдірушілер қол жеткізе алады. Кез келген тұрғын проблеманың шешілу барысын, жәнеде жергілікті атқарушы органдар жұмысының нәтижелілігі мен сапасын бақылай алады.
Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін Қарағанды әкімдігінде қазіргі уақытта «Open Karaganda» жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда бірыңғай терезе қағидаты бойынша ашық қызмет көрсету енгізілетін болады, бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтерді алу үшін кедергілерді азайтады. «Open Karaganda» залы қала әкімдігінің ғимаратында орналасады.
Залда электронды кезек, күту аймағы, өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ашылады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасалады. «Open Karaganda» қалалық әкімдіктің барлық бөлімдерінің мамандары құжаттарды қабылдау және өңдеу үшін ыңғайлы алаңға айналады.
Алдағы уақытта фронт-кеңселер Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының барлық әкімдіктерінде жұмыс істей бастайды.