Қарағандыда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Қарағандыда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Кеншілер мәдениет сарайында 28 наурызда бос жұмыс орындарының қалалық жәрмеңкесі өтті. Шараға Қарағанды қаласының түрлі меншік формасындағы 58 кәсіпорындары мен ұйымдары қатысты. Ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында инженер, тау-кен мастері, электр монтері, слесарь, жүргізуші, тексеруші, сауда өкілі, күзетші және басқалары болды.

Сонымен қатар жәрмеңкеге енді ғана ашылған кәсіпорындар да қатысты. Олардың қатарында 33 мамандық бойынша 66 бос жұмыс орнына жаңа қызметкерлер қабылдаған «QazaqNationalProduct» ЖШС де бар.
Жәрмеңкеге қатысушыларға қаладағы 457 кәсіпорындар мен ұйымдардан 1800 астам бос орындар ұсынылды.
Жүргізілген іс-шара нәтижесінде 112 адам жұмысқа орналасуға жолдама алды, 132 адам жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін түйіндеме қалдырды, ал 130 адам еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктіліктер алу жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, еңбек делдалдығының тиімді моделін жасауға бағытталған, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша жан-жақты кеңес алды.
Іс-шара аясында жұмыссыз азаматтарға «жастар тәжірибесі», «әлеуметтік жұмыс орындары» бағыттары бойынша жұмысқа орналасу туралы, жұмысын жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау жайлы ақпараттар берілген буклеттер тарату ұйымдастырылды.
Аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне баса назар аударылды, 35 адам консультация алды.
Жәрмеңкеге келушілерді қабылдау Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы жұмысқа орналастыру мобильді пунктінде қосымша жүргізілді.
Жұмыс берушілердің және жәрмеңкеге келушілердің арасында электронды еңбек биржасының (ЭЕБ) мүмкіндіктерін пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.