
Жаңаарқа, Абай және Шет аудандарының су қоймаларындағы су деңгейі төмендеді. Бұл туралы Қарағанды облысы ТЖ Департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен тәулікте Бұқар жырау ауданының Петровка және Ботақара кенттеріндегі Нұра өзенінің бойындағы екі су қоймасында мұз жару жұмыстары жүргізілді.
ТЖД қызметкерлері облыстағы Шерубай-Нұра, Самарқанд және Ынтымақ негізгі су қоймаларынан су ағызу көлемін арттырды.
Қар еру кезінде елді мекендердегі төмен орналасқан көшелердің бойын су алмауы үшін қорғаныс үйіндісін нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бес өздігінен жүк түсіру көліктері мен үш тиегіш жұмылдырылды.
Жаман-Сарысу, Сарысу, Шерубай-Нұра және Есіл өзендеріндегі су көлемі қауіпті деңгейге көтерілді.
Еріген қар суының жүруі тек екі жол учаскесінде ғана сақталып отыр. Қарқаралы ауданында Республикалық маңызы бар "Қарағанды-Аягөз-Бұғаз" автожолының 137-ші шақырымында ені 60 метр, биіктігі 5 см-ден асатын ағынды су жүріп жатыр. Оқиға орнында "Қазақавтожол" ЖШС қызметкерлері кезекшілік етеді. Қазіргі таңда елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Сонымен қатар Шет ауданында Республикалық маңызы бар "Ақшатау-Қызылорда-Павлодар" автожолының 165-166 шақырымында "Бидайық-Көктінкөл" учаскесінде ені 300 м, биіктігі 20-30 см құрайтын ағынды су жүріп жатыр. Мұнда ескерту белгілері қойылған, аталмыш жол бөлігінде "Матан" ЖШС қызметкерлері кезекшілік етуде. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Аймақтағы көктемгі су тасқынына қатысты жағдайды Қарағанды облыстық ТЖД жанынан құрылған арнайы штаб тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.