Теміртауда қала әкімінің «Тілге құрмет» сыйлығы табысталды

Теміртауда қала әкімінің «Тілге құрмет» сыйлығы табысталды

Теміртауда алғаш рет қала әкімінің «Тілге құрмет» сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Мемлекеттік тілді дамытуға үлкен үлес қосқан тұрғындар атап өтілді.

«Тіл майталманы», «Тіл жаршысы», «Үздік басшы», «Үздік телехабар», «Тіл және мәдениет» және «Тіл жанашыры» номинациялары бойынша марапатталды.

– Тәуелсіздік тірегі – бұл біздің мемлекеттік тіліміз. Осыған байланысты Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Теміртау қаласы бойынша мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға үлес қосқан адамдарды көтермелеу және қолдау мақсатында әкімдіктен «Тілге құрмет» сыйлығы тағайындалды, – деді Теміртау әкімінің орынбасары Самат Зияшев.

Лауреаттар алғыс хаттармен, естелік мүсіншелермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

– Ең алдымен өзіңнен бастау керек. Отбасында сөйлесіп, балаларды тілге үйрету қажет. Ең бастысы – қазақ тілінде жай ғана сөйлесу емес, дұрыс сөйлеу маңызды. Ағылшын не өзге тілдегі сөздерді қосып сөйлеу дұрыс емес. Қазір барлық жерде – телеарналарда, интернетте көретініміз сол ғой. Тілді аялау және құрметтеу керек. Байқау – мемлекеттік тілді сақтау мен қолдаудың жақсы бір мысалы, – дейді сыйлықтың иегері Смағұлдың Тілеубердісі.