
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін мектепке дейінгі тәрбие саласында барлық жағдайды жасауды талап етті. Бүгінгі таңда қалалық балабақшалардың барлығында дерлік инклюзивті топтар жұмыс істейді. Аймақ басшысы осындай жұмыстарды ауылды жерлерде де дамытуды тапсырды.
Өңірдегі инклюзивті білім беру саласына қатысты мәліметтерді облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев аппараттық жиналыс барысында айтты.
Оның айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 21,5-тен 32% - ға дейін артқан. Облыс мектептерінің жартысынан астамында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған.
Сонымен қатар, арнайы педагогтардың, дефектологтар мен логопедтердің жетіспеушілігі мәселесін шешу қажет, деп атап өтті басқарма басшысы. Ол биылғы жылы қалалар мен ауылдық елді мекендерде бірқатар арнайы ұйымдар ашу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл – қосымша психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, екі оңалту орталығы, екі түзету кабинеті, 4 инклюзивті қолдау кабинеті, деп нақтылады баяндамашы.
- 1 қыркүйекке дейін, әсіресе ауылдық жерлерде, инклюзивті топтардың санын арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Барлық аудан әкімдері осы жұмыстарды орындауға белсенді кірісулері тиіс, - деді Ерлан Қошанов.