
Қарағанды облысының аумағында су тасқыны кезеңінің апатсыз өтуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қазіргі уақытта республикалық, жергілікті және облыстық маңызы бар автожолдардың 4 учаскесінде су жүру жалғасуда. Жергілікті жерлерде полиция, жол қызметі, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Қауіпті жерлерде ескерту белгілері қойылған. Жол төсемдерін шайып кетуден қорғау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Су деңгейін тәулік бойы бақылау жүзеге асырылуда.
Бұқар-Жырау ауданы
Бұқар Жырау ауданының Садовое ауылында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Қазіргі уақытта елді мекенге 8100 қап төселді және 550 қапты инертті материалдар дайындалды, 75603 текше метр су сорылды. Жағдайдың тұрақты мониторингі жүзеге асырылуда. Оқиға орнында ТЖД, Ұлттық гвардияның №52859 әскери бөлімінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары шоғырланған.
Жалпы су тасқыны кезеңінің басынан өңір аумағында 151 682 текше метр су сорылды, 3 432 метр қорғау үйінділері салынып, 29 790 дана қаптар төселді, сонымен қатар 4 566 тонна инертті материал себілді, диаметрі 1 500 мм 4 су өткізгіш құбырлар орнатылды, ұзындығы 2 700 м айналма арналар құрылды, 15 учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілді.
Алдын алу іс-шараларын өткізу жалғасуда. Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі