
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың қорытынды кездесуінде «Альфарух» көтерме-тарату орталығы құрылысының пайдасы туралы мәселе көтерілді. Ағымдағы жылы іске қосылады деп жоспарланған сауда алаңының тек тауар өндірушілер үшін ғана емес, сонымен қатар қатардағы сатып алушылар үшін де артықшылығы зор.
Кешеннің құрылысы 2017 жылдың жазында басталды. Ауқымды жоба «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау тапқан.
«Альфарух» КТО жұмысы өңір экономикасының тағы бір өсу нүктесіне айналады деп көзделіп отыр.
Жоба әсіресе маусымаралық кезеңде азық-түлік қауіпсіздігі және азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелерін шешуге бағытталған. Жеміс-жидектер мен көкөніс, ет өнімдерінің қажетті қорын құру өңір тұрғындары үшін бағаны айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде жергілікті тауар өндірушілер өнімдерін сақтау және сату бойынша қызметтердің толық спектрін ала алады. 20 гектардан астам алаңда қоймалар, жеміс-көкөніс қоймалары, заманауи мұздатқыш камералар мен сауда орындары орналасады. Бұл өндірушілер мен түпкі тұтынушылар арасындағы делдалдардың тізбегін қысқартуға мүмкіндік береді: барлығымызға белгілі, қайта сатып алушылар баға белгілеу мәселелерінде шешуші фактор болып табылады.
КТО-ның тағы бір міндеті – импортқа тәуелділікті төмендету және экспортты дамыту болап табылады. Ол үшін «Альфарух» аумағында кедендік ресімдеу аймағы қарастырылған.
Жаңа логистикалық бағдарды құру облыс орталығының жолдарына үлкен жүк машиналарының кептелісін де азайтады. Бұл ретте, мемлекеттік қолдау шеңберінде бөлінетін қаражат инфрақұрылымды жеткізуге ғана емес, тұйығы бар темір жол тармағын салуға да бағытталған.
Қатардағы сатып алушылардың сұранысы да назардан тыс қалмайды. Көтерме бағамен өнім сатып алуға ниет білдірген қарағандылықтар мен облыс орталығының қонақтары үшін тегін қалалық маршрут қарастырылады.
КТО-да сауданы үйден шықпай-ақ жасауға болады. Барлық бизнес-процесстерді автоматтандыру тауарларды шағын және ірі көтерме түрде сатуға арналған интернет-алаң құруды қамтиды. Ол өз кезегінде сауда-саттықтың мөлдірлігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, жобаның әлеуметтік маңызы да зор - жоспарланған үш кезеңді іске асыру барысында мұнда бес мыңға дейін адам жұмыспен қамтылады.inkaraganda.kz