Қазақ хандығы туралы киноэпопеяның түсірілім тобы қарағандылық көрермендермен кездесті

Қазақ хандығы туралы киноэпопеяның түсірілім тобы қарағандылық көрермендермен кездесті

Қарағандыда «Сарыжайлау» кинотеатрында «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің шығармашылық тобымен кездесу өтті.

Режиссер Рүстем Әбдірашовтың «Алтын тақ» фильмі – «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» киноэпопеясының жалғасы болып табылады.
- Картинаны түсіру кезінде 500-ден астам адам жұмылдырылған, - дейді Рүстем Әбдірашев. – Біз рөлді орындаушыларды Қазақстанның бірнеше облыстарынан жинадық. Бұған қоса, фильмде Моңғолия, Қытай және Ираннан келген актерлер ойнады.
Режиссердің айтуынша, ауқымды тарихи фильмнің түсірілімін ұйымдастыруға арнайы құрылған бірнеше департаменттер жұмылдырылып, әр адам өз жұмысына жауап берді.
- Мысалы, бізде тірі реквизит бойынша департамент болды. Кадрда сценарийге сәйкес келетін түйелер мен бұқаларды көрсету үшін 2015 жылы олар боталар мен бұзауларды сатып алып, оларды бордақылады, өсірді, мұның барлығы фильм үшін маңызды болды. Бізге фильмде барлығын шынайы көрсету керек болды. Оның барлығы көрермендер сол уақыттың рухын түсінуі үшін, тарихқа еніп, баулуы үшін жасалды. Фильмнің түсірілімі кезінде біз Қазақ хандығын жандандырдық. Бұл өте қиын болды, - деп еске алады Рүстем Әбдірашев.
Сондай-ақ, қарағандылық көрермендермен кездесуге фильмнің бас продюсері Арман Асенов, диалог мәтіндерінің авторы, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай және басты рөлдерді орындаушылар Қайрат Кемалов, Ниязбек Шайсұлтанов, Ғазизатаншолпан Тілеубай, Мейрхат Амангелді келді.
«Қазақ хандығы» фильмінің шығармашылық тобын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов қарсы алды.
- Мен бүгінгі кездесуге осынша адамдардың, әсіресе жастардың жиналғанына қуаныштымын. Оларға біздің тарихымызды білу, хандар мен батырлардың қанша қан төккенін білу маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық кодты сақтап қалуға, жастардың жүрегінде төл тарихымызды мақтан тұту сезімін тудыру үшін бағытталған.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов фильмді шығаруға біздің жерлестеріміздің қатысқанын атап өтті. Ол Сәкен Сейфуллин атындағы театр әртісі Қайрат Кемалов пен диалогтар авторы Ерлан Төлеутай.
«Қазақ хандығы. Алтын тақ» - жас Қазақ мемлекетінің сыртқы жауларға қарсы тұруы, соғыс кезінде айырылып қалған қалаларды қайтаруын баяндайтын дүние. Қазақтың Керей мен Жәнібек хандары Ақ Орданың ежелгі тағын, өзінің астанасы - Сығанақ қаласы мен алтын тақты қайтарады. Қазақ хандығының алтын дәуірінің қайта жаңғыруы туралы тарихи драма сарай ішіндегі шытырман оқиғалардың қилы көріністеріне, ерекше қақтығыстар көріністеріне, қатал сынақтармен, ысырап пен жеңістердің қайғысына толы.
Фильмнің бас продюсері Арман Асенов «Қазақ хандығы. Алтын тақ» картинасын «Игра престолов» атты атақты сериалымен салыстырады:
- Шынымды айтсам, біздің фильм сапасы мен бейнесі жағынан да кем түспейді. Ол фильмде ойдан шығарылған тарихи оқиғалар келтірілсе, бізде нақты орын алған тарихи оқиғалар келтірілген.
Фильм кинотеатрларда орыс және қазақ тілдерінде жүреді. Интернетте картинаның бірінші бөлігі – «Алмаз қылышы» бір жарым апта ішінде 2 млн 700 мың рет қаралған. Оны Түркиядан Якутияға дейін көптеген елдерден келген көрермендер тамашалады. Авторларға 500 мыңнан астам түсініктеме берілді. Фильмді түсірушілер Қазақстан тарихына үлкен қызығушылық туындап отырғанын атап өтуде. Қазіргі уақытта жастар кітаптарды аз оқуына байланысты, оларға өткен дәуірлердің оқиғалары туралы мәліметтерді жеткізуде кинематография көмекке келеді. Ол визуалды өнер болып табылады.
- Қазір көрермендер компьютерлік графиканың көптігінен мезі болып кетті. Олар нағыз киноны қалайды. Біздің фильмде қазақ халқының дәстүрлері, бүгінгі күні ұмытылып жатқан тарихи салт-дәстүрлер көрсетілген. Біз сондай-ақ ата-бабаларымыздың сөйлеген алғашқы түрік тілін көрсетіп, жеткізе алдық. Біз тек костюмдер мен декорациялар жасап қана қоймай, сол дәуірдің тұрғындары қалай сөйлескенін көрсеттік, - деп атап өтті фильмнің бас продюсері, Қобыланды батыр рөлін орындаушы Арман Асенов.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов фильмде Керей ханның рөлін сомдады.
- Мен Керей рөліне бекітілгенімді естігенде қатты қуанып қалдым. Бірақ менің бұл қуанышым бір сағатқа ғана созылды. Сәлден соң мен жобаның қаншалықты ауқымды екенін түсінгенде, жауапкершілік сезімі пайда болды, тіпті бойымды үрей жаулады десем де болады. Мен театрда 40 жыл жұмыс істеймін, бірақ киноның ерекшілігі мүлдем басқа. Түсірілім басталған соң 10 күн өткен соң, барлығы ойдағыдай жүре бастады. Алғашқы уақытта маған тәжірибелі киноактерлер көмектесті, - дейді Қайрат Кемалов.
Кейбір рөлдерді сомдаған жас актерлер каскадерлік трюктерді өздері орындады. Актер Ниязбек Шайсұлтанов түсірілім төрт жылға созылғандығын айтады. Осы уақыт ішінде ол тәжірибе жинап, көптеген достар тапқан екен.
- Жоба басталғанда мен 22 жаста болдым, ал қазір 27-ге жақындап қалдым, - дейді Ниязбек Шайсұлтанов. -Менің саналы өмірім осы жобамен басталды. Фильм бойынша Мейрхат менің қас жауым болса да, шынайы өмірде мен оның үйлену тойында жігіт жолдас болдым.