
Қарағанды облысында прокуратура күні аталып өтті. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен салтанатты жиында орган қызметінің қорытындысы шығарылып, осы саланың үздік қызметкерлері марапатталды.

Биыл Қазақстан прокуратурасының 30 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойымен тұспа-тұс келді. 1991 жылдың 6 желтоқсанында «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Қалыптасу мен дамудың ұзақ жолына қарамастан, прокуратураның азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қорғау, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу сияқты негізгі міндеттері өзгеріссіз қалады.

– Прокуратура қызметкерлері Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосты. Азаматтар мен мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімділігі, соның салдарынан адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі сіздердің кәсіпқойлығыңызға, жоғары құзыреттілігіңізге, борышқа берілгендігіңізге байланысты болады. Қылмысқа қарсы күрес саласындағы бағдарламалық құжаттарды бірлесіп іске асыру өңірдегі қылмыстың айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысы прокуратурасының бай тарихы бар. Құрылған күні 1936 жыл болып саналады. Прокуратураның халық тергеушілері қатарында атақты ұшқыш Нүркен Әбдіров болды.
Бұл күні облыстық прокуратураның дамуына зор үлес қосқан ардагерлерді ерекше еске алды.

– Облыстың бірінші прокуроры Баймұқанов, Ахметов, Дәуітов, Хасенов және басқа да ардагерлеріміз қуғын-сүргінге ұшырады. Біз тарихтың ұмытылмас беттерін әрдайым есте сақтайтын боламыз, – деп атап өтті Қарағанды облысының прокуроры Құсайын Игембаев. – Соғыстың басында майданға прокурорлар, оның ішінде Кеңес Одағының Батырлары Әбдіров, Ысқақов және басқалар да кетті. Бүгін осы залда біздің ардагерлеріміз бар. Көптеген жылдар бойы олар жұмыс істеді және өз еліне лайықты қызмет етті.

Іс-шара барысында сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ведомстволық наградалар, сондай-ақ өңір әкімінің, облыстық соттың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құрмет грамоталары табыс етілді.

– Биылғы жылы бірнеше мерейтойлық даталар бірден сәйкес келді, оның ішінде Қарағанды облысы прокуратурасының құрылғанына 85 жыл толады. Бүгінгі таңда прокуратура органдары – бұл функциялары Қазақстан Республикасының Конституциясымен айқындалған құқық қорғау органдарының өзегі. Барлық қатысы барларды мерекелеріңізбен құттықтаймын! – деп Қарағанды облысы Прокуратурасы басқармасының прокуроры, тәуелсіздік құрдасы Нұрсұлтан Қалдырбай әріптестерін құттықтады.