
Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, азаматтық қоғамды дамыту, шет елдегі отандастарға қамқорлық жасау – жас қарағандылықтар өз идеялары туралы айтып берді. Олардың кейбірі әзірге тек жоспр түрінде болса, қалғандары іске асырылып, пайдасын тигізіп жатыр.
Қарағандыда облыс әкімі Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.
- Биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланды, жәнеде ол сіздерге үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Мемлекет тарапынан біз жастарға олардың проблемаларының шешу жолдарын ұсынамыз, оның ішінде білім, баспана, жұмысқа қатысты мәселелер бар. Алайда, өкінішке орай, ол туралы көп жастар біле бермейді. Сонымен қатар мен бүгін сіздердің жаңа идеяларыңызды естимін деп үміттенемін, - деді аймақ басшысы жастармен кездесу барысында.
Кездесуге қатысушылар шынымен де бірнеше жақсы идеяларын ұсынды. Олардың қатарында мұқтаж жандарға көмек көрсету, қаланы қоқыстан тазарту секілді жобалар бар. Мысалы, ҚЭУ 1 курс студенті Жұлдыз Мүбарак «Фуд бокс» әлеуметтік жобасы туралы айтып берді. Бұл жастар ресурстық орталығы жанындағы еріктілер командасының бастамасы болып табылады.
- Біз әлеуметтік акция ұйымдастыруды ұсынып отырмыз. Ірі супермаркеттер мен дүкендерде бокстар орнатқымыз келеді, онда әрбір адам қандай да бір азық-түлікті қоя алады. Осылайша біз мұқтаж жандар үшін азық-түлік себеттерін жинай аламыз. Әр апта сайын тізім бойынша бұл өнімдерді көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға тарататын боламыз, - дейді Жұлдыз Мүбарак.
Ерлан Қошанов бұл идеяны құптаты. Және де еріктілерге көмек көрсетуге уәде берді. Аймақ басшысына ұнаған тағы бір ұсыныс - "BelsendiAzamat" жобасы. Идея өткен жылғы ІТ-форумда пайда болды. Сол кезде бұл жоба екінші орынға ие болып, оны "Wooppay" компаниясы қолдады. Бүгінгі күні жастар сайтты құрып, қазір оны тестілік режимде іске қосқан.
- Қарағандының төл тумасы болғандықтан мен қаланы жақсартуды армандаймын. "Belsendi Azamat" жобасының басты мақсаты - азаматтық қоғамды дамыту. Біздің сайтымыздың көмегімен әрбір қарағандылық қалаға аса маңызды мәселелерді шешуге көмектесуі мүмкін. Мысалы, толық контейнерлер, жиналмаған жаяу жүргіншілер жолдары, сынған қала нысандары және т.б. қатысты проблемалар. Қазір біздің сайт ашық тестілеу режимінде жұмыс істейді. Осы кезеңде 200-ден астам пайдаланушы тіркеліп, 126 өтініш қабылданды. Әрбір тұрғын мәселені суретке түсіре алады, фотосуретті сайтқа салып, картадағы нүктені көрсете алады. Біз барлық өтініштерді жинадық және оларды мемлекеттік органдарға, коммуналдық кәсіпорындарға, жауапты компанияларға жіберуге дайынбыз. Қазір мәселені тез арада шешу үшін "тазалық Эксперт" және "Горкомтранспен" келіссөздер жүргіземіз, - деп түсіндірді "Wooppay" компаниясының жобаларды үйлестірушісі Сабыр Ниязов.
Ал ҚарМУ студенттері Сұлтанғали Асан мен Әділ Ризабеков "Сарқыт бокс" жобасын ұсынды. Ол шетелде оқитын қазақстандық студенттерге және шетелдік қонақтарға арналған. "Сарқыт бокстарда" оларға сыйлықтар ретінде шағын ұлттық кәдесыйлар немесе тәттілер жинайтын болады.
Сұлтанғали Асанның айтуынша, жоба авторлары қазір "Назарбаев" әуежайымен келіссөздер жүргізіп жатыр.
- Шетелдік қонақтар мен шетелде оқып жүрген студенттеріміз өздерімен бірге сарқыт ала алады. Соның арқасында басқа елдерде біздің ас үйіміз, біздің мәдениетіміз, дәстүріміз туралы көбірек білетін болады, - дейді Сұлтанғали Асан.
Ерлан Қошанов жастардың кейбір идеяларын ерекше атап өтті.
- Сабырдың идеясы маған ұнады. Жақында ғана мен қаланы аралап шықтым. Қыстан кейін көшелерде қоқыстар көп. Сондықтан сіздің идеяңыз өзекті және өте қажет. Біз сіздерді қолдауға дайынбыз, бірге жұмыс істейік, - деді облыс әкімі.
Отырыс қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов өз орынбасарына, қала әкіміне және басқарма басшыларына бірнеше тапсырма берді.