
Егде жастағы әжеге күрделі отаны Х. Ж. Мақажанов атындағы Травматология және ортопедия облыстық орталығының дәрігерлері жасады.
- Біз оң жақ жамбас буынын эндопротездеу жүргіздік. Отаның күрделілігі операция кезінде емделушінің жасы 101-де болумен байланысты болды. Негізінде, ота жоспарлы түрде, қандай да бір асқынусыз өтті. Қазіргі уақытта науқас бастапқы оңалту курсынан өтуде. Алдағы уақытта біздің стационарымызда ем аяқталғаннан кейін науқасты қалпына келтіру және оңалту бөлімшесіне ауыстыруды жоспарлап отырмыз», - деді шұғыл травматология бөлімшесі меңгерушісінің м.а. Павел Салдин.
Қазіргі уақытта 101 жасар Нұрила Байтасованың жағдайы бір қалыпты. Ол күнделікті түрде дәрігердің айтқан ортопедиялық режимін сақтайды. Аталмыш режим бойынша әжей буынына қатты жүк түсірмей, арнайы құрылғымен жүріп, жамбас-ортан жілік буынын 90 градустан артық бүкпеуі тиіс.
Кейуананың немересінің айтуынша, әжей жамбасын сындырғанға дейін белсенді өмір сүрген. Ол намаз оқып, немерелері мен шөберелеріне қонаққа барады. Айта кету керек, Нұрила Байтасованың 6 баласы, 30 немересі, 60 шөбересі мен 6 шөпшегі бар.
Дәрігерлердің айтуынша, әдетте мұндай жарақаттар физиологияға, анатомияға және жас өзгерістеріне байланысты егде жастағы адамдарға тән болады. Мұндай оталар жасалатын емделушілердің орташа жасы 70 жастан басталады. Мақажанов атындағы клиниканың дәрігерлері жамбас буынын ауыстырған ең қарт емделуші 106 жаста болған екен.
- Неліктен эндопротездеуді таңдаймыз? Себебі 101 жастағы науқастың жамбас мойыны сынғанда, оның бітіп кету ықтималдығы өте төмен, яғни 50% - дан аз. Асептикалық некроз қаупі өте жоғары. Және емделуші төсекке таңылып қалу қаупі бар. Бұл өз кезегінде асқынулар тудырады, оның салдары 70% жағдайда өлім-жітімге әкеледі. Бұл операция көлемді, бірақ ол жамбас мойынының сынуына қатысты барлық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Келесі тәулікте мұндай науқастар аяқтарына тұрады, - деп түсіндірді Павел Салдин.
Дәрігерлердің айтуынша, келесі аптада Нұрила Байтасова үйіне шығарылады. Науқастың туыстарымен қандай да бір іс-шараларды сақтау қажеттілігі туралы әңгіме өткізіп, ілеспе аурулар бойынша түсініктемелер беріледі. Сондай-ақ дәрігерлер ортопедиялық режимді сақтау бойынша барлық нұсқаулықтарын береді.