Қарқаралы жастары «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына ие болды

Қарқаралы жастары «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына ие болды

Қарқаралы ауданының жастар ресурстық орталығы жанындағы JasStar волонтерлер желісі «Үздік волонтерлік ұйым» номинациясы бойынша «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына ие болды. Биыл байқауға тек Қазақстаннан ғана емес, басқа елдерден де үміткерлер қатысты.

Номинанттарды іріктеу екі кезеңнен тұрды.  Алдымен үздік волонтерлер qazvolunteer.kz интернет-платформасында ашық онлайн-дауыс беру арқылы анықталды. Содан кейін ең көп дауыс жинаған қатысушыларды конкурстық комиссия бағалады.

JasStar волонтерлер желісінің төрағасы Дархан Әбілқасымның айтуынша, олар Қарқаралы ауданында 4 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.

– Бізде 100-ден астам волонтерлер тіркелген. Олар колледж студенттері мен үш мектеп оқушылары. Жұмыстың негізгі бағыты – әлеуметтік. Биыл «Ардагерім-ардағым» акциясы аясында 20-дан астам ардагер мен жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді. «Ел тірегі – Елбасы» акциясы кезінде 400-ге жуық отбасы әлеуметтік пакет алды. Сондай-ақ, Қарқаралы ұлттық табиғи паркінде, Шайтанкөл көлі мен Бассейн жағасында, Үлкен көлде сенбіліктер ұйымдастырылды. Біздің орталық апта сайын волонтерлер үшін тренингтер, түрлі жарыстар және т. б. өткізеді. Алдағы уақытта да игі істер жасайтын боламыз, – дейді Дархан Әбілқасым.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған сыйлықақы әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер тобын, отандық және халықаралық волонтерлік ұйымдарды ынталандыруға бағытталған.

«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы жеңімпаздарының толық тізімін мына сілтеме бойынша көруге болады: https://qazvolunteer.kz/ru/articles/itogi-mezhdunarodnoy-premii-volonter-goda-2021.