
Қарағандыда «плоггинг» атты алғашқы экологиялық акцияның бастамашылары қол жеткізген нәтижелерге риза болды. Қоқыстарды жинаумен бірге жүгіруді үнемі өткізу туралы шешім қабылданды. Осы секілді шараны олар ай сайын ұйымдастырмақ.
– Біз бірнеше ондаған студенттеріміз шығатынын білдік. Бірақ қалалықтардың көптеп қосылатынын күткен жоқпыз. Тіпті саябақта жүрген қарт адамдар да акцияға қолдау көрсетті. Экологияға, туған қаланың тазалығына немқұрайлы қарамайтын қарағандылықтар көп, - дейді Қарағанды медициналық университетінің жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Александр Урмашов. - Біз акцияны жалғастыруды шештік. Мұндай жүгірістерді айына бір рет басқа ЖОО-ның қатысуымен өткізгіміз келеді.
Оның айтуынша, бірінші плоггинге 100-ден астам адам қатысқан. Олар жинаған қоқысты үш үлкен контейнерге жинады. Бір жарым тонналық қалдықтардың басым бөлігі сусын мен тағамдардан қалған пластик құтылар мен қаптамалар, деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Барлық қатысушылар Қарағанды медицина университеті ректорының қолы қойылған алғыс хаттармен марапатталады.
Плоггинг – салауатты өмір салты және экологияға қамқорлық бірлестірілген шара. Плоггинг алғаш рет Швецияда пайда болған. Бұл сөздің өзі қоқыс жинау процесін білдіреді. Акцияның мақсаты – барынша көп адамдарды қозғалысқа жұмылдыру.
Қарағандыда алғашқы плоггингті қала әкімдігінің, Қалалық мәдениет, демалыс саябақтары мен гүл бақтары басқармасының қолдауымен медицина университетінің студенттері ұйымдастырды. Бастамашылар экологиялық акцияны 1948 жылы 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ)құрылғанынан бері атап өтілетін Халықаралық денсаулық күніне арнады.