
Биылғы жылы Қарағанды облысында 969 мың гектар жер егіледі. Өткен жылмен салыстырғанда егіс алқабы 57 мың гектарға ұлғайды.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров көктемнің басты жұмыстарына дайындықтың қалай өтіп жатқанын тексеру мақсатында мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жиналыс өткізді.
Ол атап өткендей, өңірдің Бұқар Жырау, Нұра және Осакаровка аудандарындағы негізгі астық алқаптары биыл егіс алқаптарын ұлғайтады.
- Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық кесте бойынша жүріп жатыр. Тұқым мен ЖЖМ-ды қаржыландыру, қамтамасыз ету мәселелері шешілді, - деді Серік Шайдаров.
10 мамырдан бастап егіс науқаны басталады, деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов. Оның айтуынша, егістікке 17 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы шығады: 11 мыңнан астам трактор, 167 заманауи егіс кешені, 6 200 тұқым сепкіш.
Жиналыс барысында тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа механизмі талқыланды. Қолдау екі мақсатты көздейді: фермерлерге сапалы тұқым сатып алуды жеңілдету және тұқым өсіру шаруашылықтарына техникалық қайта жарақтандыруға қаражат беру. Осы жылдан бастап өсімдік өсірушілер тұқымдарды норма бойынша, төлемсіз алады. Ал олардың құны элиталық тұқым шаруашылықтарына субсидия есебінен өтеледі. Бұл мақсатқа 473 млн теңге бөлінді. Күзде егін жинағаннан кейін бірінші репродукциялы тұқымның 30% құнын шаруашылықтар "Аграрлық несие корпорациясы"АҚ мамандандырылған ұйымына қайтарады.
Аграрлық несие корпорациясы филиалының ақпараты бойынша, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін астық егетін үш ауданның 22 шаруашылығы жылдық мөлшерлемесі 5,5% құрайтын 713 млн теңге сомасында жеңілдетілген несие алды.
Осы жылдан бастап "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу схемасы барынша қолжетімді болып отыр. Мемлекет шаруашылық үшін бастапқы жарнаны субсидия түрінде, қаржы институтының арнайы шотына ақша аудару арқылы төлейді.
Ауыл кәсіпкерлері оларды толғандыратын сұрақтарын қойды. "Қайнар" ЖШС басшысы Сейтжаппар Нығметов облыс элеваторларында астық сақтау тарифін реттеу қажеттігін атап өтті. "Найдоровское" ЖШС басшысы Павел Лущак Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау ережелерін өзгертуді ұсынды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары тапсырмалар берді.