
Қарағандылық спортшы жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстанның жеті рекордын орнатты. Бұл айтулы оқиға 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты кезінде болды. Турнир Қызылорда қаласында өтті. Медаль үшін 14 облыстан, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан келген 18 команда бақ таластырды. Додаға барлығы 200-ден астам қатысушы қатысты.
Алты күн аралығында Қазақстанның мықты жасөспірімдері арасында кіл мықтыны анықтау үшін қызу күрес жүрді. Сайысқа Қарағанды облысынан он спортшы қатысты.
Облыстық кешенді спорт мектебінің өкілі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Артем Антропов 96 кг салмақ дәрежесіндегі жасөспірімдер арасындағы жұлқи көтеруде – 155 кг, оқыс серпуде – 205 кг және қоссайыс бойынша - 360 кг көрсеткіштеге қол жеткізіп, жеті мәрте (!) Қазақстан рекордын орнатты.
Артем Антропов Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Аталмыш жарыстардың нәтижесі бойынша және ҚР Ұлттық құрамасының сапында ол Нови Извор қаласына (Болгария) оқу-жаттығу жиынына шақырту алды. Онда Артем маусым айында Фиджи аралының астанасы Сува қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне дайындалатын болады. Жас, болашағы зор спортшыны Иван Сергеевич Снегуров жаттықтырады.
Қарағандылық бойжеткендер де Қазақстан чемпионатында нәтижелі өнер көрсете білді. Екінші орынды облыстық кешенді спорт мектебінің тәрбиеленушісі Аиша Омарова және Теміртау қаласының ОРОММИК шәкірті Софья Лоос иеленді. Қола медальді Металлургтер қаласының спортшысы Екатерина Серякова жеңіп алды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша