
Қарағандыда мамырда Восток-2 ықшам ауданында жаңа емхана қолданысқа беріледі. Ол жайлы Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев брифинг барысында мәлімдеді.
Жалпы Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласында МЖӘ аясында 11 жоба жүзеге асырылады.
- Негізгі проблемалардың бірі – үлкен емханалар мен оларға бекітілген тұрғындардың көп саны. Бүгінде біздің емханаларда 50-60 мың адам тіркелген. Жағдайды өзгерту үшін облыста бірқатар жобалар әзірленді. Облыс орталығында және өңірдің басқа да қалаларында шағын отбасылық денсаулық орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз, - деп түсіндірді Ержан Нұрлыбаев.
Биылғы жылы Жезқазған қаласындағы екі жылға жоспарланған жоба аяқталуға жақын қалды. Мұнда аурухана қалашығы пайда болады. Денсаулық сақтау кешіненде қала тұрғындарына қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жабдықталған консультациялық-диагностикалық орталық қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда аталмыш отралықта жұмыс істейтін қызметкерлер оқудан өтіп жатыр.
Сондай-ақ, облыстық травматология орталығының базасында заманауи консультативтік-диагностикалық орталық ашылады. Жаңа нысан емделушілерді қабылдау көрсеткішін 20%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
- Сондай-ақ 1 мамырға дейін біз Восток-2 шағын ауданындағы жаңа емхананы пайдалануға береміз. Ал тамыз айында Пришахтинскіде жаңа балалар емханасы мен әйелдерге кеңес беретін мекеме іске қосылады. Біздің есептеуіміз бойынша, бұл емханаға 17 мыңға жуық бала тіркеледі, - деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Ержан Нұрлыбаев мәлімдегендей, Теміртау қаласындағы емхана құрылысы сәуір айының үшінші онкүндігінде басталуы тиіс. Жаңа нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, МЖӘ аясында осы уақыт аралығында Майқұдықтың 11-ші ықшам ауданында емхана салынатын болады. Сонымен қатар, биыл Октябрь ауданында жедел жәрдем қосалқы станциясының құрылысы аяқталады, Қарағайлы кенті мен Ахметауыл ауылында дәрігерлік амбулаториялар, ал Балқаш қаласында жаңа емхана ашылады.
Сонымен қатар Нұра ауданының Шахтерское ауылында дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Ал Қарағандыда бес АМСК ұйымы мен фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылады деп көзделіп отыр.