Таза аула үшін киноға билет – Саранда арнайы акция өтуде

Таза аула үшін киноға билет – Саранда арнайы акция өтуде

Қарағанды облысының билігі қалалар мен кенттердің санитарлық жағдайын ерекше бақылауға алды. Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров Шахтинск және Саран қалаларында болып қайтты. Ол қаланың басты көшелерін аралап қана қоймай, жеке сектор мен шалғай аудандардың да тазалығын тексерді.
Айта кету керек, бүгінде тек Қарағандыда ғана емес, өңірдің басқа да барлық мекендері тазалыққа үлкен көңіл бөліп жатыр. Мысалы, Шахтинск қаласында 1 сәуірден бастап санитарлық бейсенбіліктер өткізілуде. Айдың басынан бері оған 5000-нан астам адам қатысты. Қала билігінің есебі бойынша, бейсенбіліктер барысында 65 га аумақ жиналды, рұқсатсыз қоқыс төгетін бір орын жойылды, сондай-ақ қоқыс пен қалдықтарды жинауға арналған қосымша контейнерлер орнатылды.
Қалада сонымен бірге жасыл желектерді әктеу жұмыстары басталды. Биылғы көктемде Шахтинск қаласында 600-ге жуық жаңа ағаштар мен бұталар отырғызылады.
Аумақты тазалау бойынша белсенді жұмысқа қарамастан, қалада әлі де лас гүлзарлар мен аулалар бар.
Облыс әкімінің орынбасары жылу желілері бойындағы қоқыстар мен заңсыз қоқыс үйінділеріне назар аударды. Ол коммуналдық қызметкерлерге шұғыл түрде бұл олқылықтарды жоюды тапсырды. Ал жеке секторда Серік Шайдаров контейнерлер жетіспейтінін айтып, наразылығын білдірді.
Жасыл желектердің жағдайы да сынға алынды. Ағаштарды дұрыс және уақытында кесіп, қураған шөптерді жинап тастау керектігі айтылды.
Саран қаласының да басшылығы тәртіп сақтауға тырысуда. Тазалық орнатуды жылдамдату үшін мұнда ынталандыру шарасы ойлап табылды. Саран қаласының әкімі Ержан Темірхановтың айтуынша, қалада "Таза аула", "Тату көршілер", "Бірге жасаймыз", "Қасбетті жаңарту" секілді бірнеше акция жарияланған екен. Сенбіліктер барысында тұрғындардың жинаған ірі көлемді қоқыстарын жинау үшін әкімдік арнайы техникалар бөледі.
Ал ең белсенді қатысушыларды қала басшылығы міндетті түрде атап өтеді. "Бірге жасаймыз" акциясының жеңімпаздары сыйлық ретінде кинотеатрға билеттер алады. Ол үшін тұрғындар "Сенбілікке дейін және кейін" деген тақырыпта бейнероликтерін жасап, оларды Instagram желісінде орналастырулары тиіс. Комиссия тазалық жұмысының нәтижелерін сараптап, өз бағасын береді. Осылайша жеңімпаздар анықталады.
Облыс әкімінің орынбасары тазалық ережелерінің сақталуын дүкен иелерінен және басқа да жеке меншік мекемелерден қатаң сұрауды талап етті. Жиектастардың бойындағы қоқыстар мен жолдардағы шұңқырларды жөндеу жұмыстарына баса назар аудару керек, деп атап өтті Серік Шайдаров.
Қаланы аралау соңында ол кемшіліктерді жою қаншалықты сапалы және уақтылы өтетіні тексерілетінін ескертті. 15 күннен кейін жұмыс нәтижелерін бақылау үшін қайта келетінін айтты.
8 сәуірден бері облысымыздың барлық аумақтарында абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру бойынша көктемгі екі айлық өтіп жатыр.