Облыстық өлкетану мұражайына Юрий Гагариннің дауысы жазылған пластина сыйға берілді

Облыстық өлкетану мұражайына Юрий Гагариннің дауысы жазылған пластина сыйға берілді

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында "Сүйікті қалаға сый" акциясы басталды. Шара жыл бойы жалғасады. Акцияның алғашқы күні мұражайға 150 жаңа жәдігер тапсырылды.

- Мұндай акцияны біз өлкеміздің тарихымен байланысты кез келген оқиғаға арнаймыз. Биылғы жылы ол Қарағандының 85 жылдығына орайластырылған. Біздің қала ғарыш айлағы болғандықтан, біз ғарышкерлер күніне орай "ғарыш" тақырыбы бойынша жәдігерлерді қабылдау акциясын жарияладық. Бізге пошта конверттері, маркалар, мерейтойлық сіріңке қорапшалары, белгілер мен мерейтойлық монеталар табыс етілді, - дейді мұражай қызметкері Динара Сақымбай.
Ғарыш күніне арналған алғашқы сыйлықтарды мұражайға Қарағанды қаласының оқушылары табыстады. Мұражай қорына жәдігерлерді балалар тапсырғанына қарамастан, барлық процесстер тиісінше рәсімделді – заттардың барлығы есепке алынып, тіркелді.
- Біздің аға буын да бей-жай қалмады. Мысалы, Жезқазған қаласының тұрғыны Виктор Ловецкий мұражайымызға бірегей заттарды табыс етті. Ол кезінде қызмет бабымен ғарышкерлерді қарсы алғанын жеткізді. Бізге ғарышкерлердің қолтаңбалары бар конверттер, 80-жылдардағы газеттер мен әуесқой фотосуреттерді, ғарышкерлердің фотосуреттері бар ашық хаттарды сыйға тартты. Бұл ашық хаттарда ұшу күні және қай ғарыш кемесінде ұшқан күндер жазылған. Виктор Иванович бізге сыйлаған ең бірегей жәдігер - Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқан күні дауысы жазылған пластинка, - дейді Динара Сақымбай.
Мұражайда атап өткендей, "Сүйікті қалаға сый" акциясының мақсаты - өскелең ұрпақтың рухани мәдениетін қалыптастыру және қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану мұражайын жаңа жәдігерлермен және көне дүниелермен толықтыру болып табылады.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында "сүйікті қалаға сый" акциясы жалғасуда. Егер сізде ескі, әрі бірегей заттар болса, оларды Ерубаев көшесі, 38 мекенжайы бойынша алып келіп, мұражайға тапсыра аласыз.