
Қарағанды облысында басым салаларға жеңілдетілген несиелер беру Бағдарламасына 35 компания қатыспақ. Олар ұсынған жобалардың жалпы құны 13,6 млрд. теңге.
Құны 2,1 млрд. теңгелік екі жоба банктер мен «Даму» қорының келісімін алған. Олар Қарағандыдағы көтерме сауда орталығы мен Балқаш қаласындағы қонақ үй құрылысы.
Тағы 11 жоба қазір банктердің қарауында. Қалған 22 жоба бойынша құжаттар жинастырылуда.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында Аймақтық жобалық кеңсе жұмыс істейді. Оның құрамына Облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларының, «Даму» қоры мен Кәсіпкерлер палатасының жетекшілері енді.
Жобалық кеңсе жеңілдетілген несие бағдарламасына қатысушыларға қажетті көмек көрсетіп, оларды толықтай сүйемелдейді. Оның ішінде шағын, орта және ірі кәсіпорындар бар. Жеңілдетілген несиені басым салалар тізіміне енетін тауар өндірушілер ала алады. Онда 365 атау бар, оның ішінде ауыл шаруашылық және азық-түлік өнімдері, азық-түлікке жатпайтын өнеркәсіп тауарлары мен қызметтер.
Қолдауды қажет ететін қызметтер түріне азық-түлік өнімдерін сақтау және тарату бойынша көтерме сауда орталықтарын құру және туризм жатады. Қарағанды облысында жеңілдетілген несие тек қана Балқаш қаласындағы курорттық аймақ үшін ғана қарастырылған. Бұл өңір өсімнің негізгі нүктесі ретінде анықталған және ТОП-10 республикалық туристік тартымдылық картасына енгізілген.
Басым салаларға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы халықтық қолданысқа ие тауарларды өндіруді, қарапайым заттарды үнемдеуді, шикізат пен алғашқы қажетті азық-түлікті қайта өңдеуді қолдау үшін құрылған.
Қайта өңдеу өнеркәсіптері мен шикізаттық емес секторды қолдаудың қаржыландыру көлемі 600 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде 400 миллиард қайта өңдеу мен қызметтерге бағытталған. 100 млрд. теңге агроөнеркәсіп саласында өнімдерді өндіру мен қайта өңдеу жобаларына.