Қарағанды облысына Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау бойынша Республикалық кеңесінің жұмыс тобы келді. Сарапшылар жергілікті мектептерде, балалар үйлерінде, емханаларда және жұмыспен қамту орталықтарында болып қайтты. Екі күн ішінде олар 40 қалалық және ауылдық нысандарды аралап шықты.
Балалар құқығын қорғау жөніндегі аймақтық кеңес отырысында «Бақытты отбасы» партиялық жобасының жүзеге асырылуын қалай жақсарту керектігі талқыланды. Ол көп балалы және аз қамтылған отбасыларына жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Партиялықтар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы тәсілдерді қайта қарауды көздеп отыр.
Партияның облыстық филиалының мәлімдеуінше, өңірлік кеңеске 150-ден астам көп балалы ана өтініш білдірген. Олардың тарапынан қойылған сұрақтар мен өтініштер негізінен әлеуметтік жәрдемақы алуға, балаларды балабақшаларға орналастыруға, тұрғын үй проблемасын шешуге қатысты.
- Сіздердің өңірде кеңестің құрамына тек атқарушы билік органдарының өкілдері ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам да кіреді. ҮЕҰ, бизнес-құрылымдар – барлығы осы жұмысқа қатысуы тиіс. Таза тұрмыстық жағдайларға қатысты сұрақтар өте көп. Бұл мәселелерді, нақты бір отбасына қатысты проблемаларды жылдам түрде шешуге болады, - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің сарапшы-кеңесшісі Рысты Жұмабекова,.
Оның айтуынша, жұмыс тобы облыстағы емханалардың дәрігерлерінің жұмысы мен балаларға арналған тегін спорттық секцияларға көңілдері толған екен.
- Қарағанды облысында денсаулық сақтау тиісті деңгейде жұмыс істейді деп айтқым келеді. Біз мұны қалада да, ауылда да көрдік. Емханадағы дәрігерлер балалардың денсаулығы туралы бәрін біледі. Бұл жұмыс жүйелі түрде атқарылып жатқандығының белгісі, - деп мәлімдеді Рысты Жұмабекова. - Тағы бір жағымды жағдай – балаларды спорттық секциялармен, үйірмелермен қамту. Біз қай жерде бармасақ та, барлығы тегін болды.
Сарапшылар сондай-ақ облыс мектептерінде кадет сыныптарын және балалар техноорталықтарының жұмысын үлгі ретінде атап өтті.
Сонымен қатар, олар әлеуметтік карталарды өзектендіруді ұсынды. Партия өкілдері оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Кеңес мүшелері ата-аналардың материалдық жағдайына қарамастан бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануын талап етпек. Олардың пікірінше, мұндай шаралар балалардың денсаулық индексін арттыруға мүмкіндік береді.