Қарағанды облысында 2019 жылы 1000 км жол жөнделеді

Қарағанды облысында 2019 жылы 1000 км жол жөнделеді

Қарағанды облысында 1000 шақырымнан астам жол ретке келтірілуде. Биыл қалалар мен аудандардағы, сондай-ақ облыстық және республикалық маңызы бар автожолдар жөнделетін болады. Өңір басшысы Ерлан Қошанов жол төсемінің сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.

- Асфальт төсеу барысында сапаны бақылау үшін жұртшылықты, депутаттарды тартыңыздар. Қатаң бақылаусыз ақшаның барлығы желге кеткендей болады, - деп атап өтті облыс әкімі.

Айтпақшы, сапаны енді жаңа ведомство – жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайтын болады. Ұйымның штатында 25 адам қызмет етеді. Мамандар күн сайын асфальт төсейтін учаскелерге барып, материал сынамасын алып, технологиялық нормалардың сақталуын қадағалайтын болады.

Осы жылы облыс орталығында Республика даңғылы мен Тәттімбет көшесін жалғайтын жол құрылысы аяқталуға тиіс. Тағы екі жаңа жолдың құрылысы басталады, олардың бірі айналма, ал екіншісі салынып жатқан көтерме-тарату логистикалық орталығына апаратын жолдар. Осының барлығы қала жолдарын жүк көліктерінен босатуға мүмкіндік береді.

Новодолинка-Шахан, Қарабас-Жартас-Долинка және Ақтоғай-Балқаш жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, биылғы жылы Қарағанды қаласынан Саран және Шахтинск шаһарларына баратын тас жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Су тасқынына қарсы шаралар аясында төрт көпір мен 12 су өткізу құбырын жөндеу жоспарлануда. Қарағанды-Тоғызқұдық-Ботақара тас жолындағы су өткізу құбырын күрделі жөндеу шілде айында аяқталады.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров хабарлағандай, 25 сәуірден кейін Федоров, Узенка және Майқұдық шағын аудандарындағы орамаралық жолдарды жөндеу басталады. Бұхар-Жырау даңғылында жол өтпесінен Гончарная көшесіне дейінгі және Саран тас жолында 15 магистральдан ДСК дейінгі жолда орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Қала басшысының ақпараты бойынша, шұңқырларды жөндеу жұмыстары 25 мың шаршы метр жол төсемін қамтиды, бұл жұмыстар жаздың басында аяқталуы тиіс.

Облыс орталығында жарамсыз болып қалған жолдарды кепілді жөндеуге келер болсақ, мердігерлер ақауларды 25 мамырға дейін жоюға міндетті.