Қарағандылық жұмыс берушілерге мүгедектердің жұмысқа орналасуға құқықтары жайлы түсіндірілуде

Қарағандылық жұмыс берушілерге мүгедектердің жұмысқа орналасуға құқықтары жайлы түсіндірілуде

Nur Otan партиясының қарағандылық мүшелері мүгедектердің мүдделерін қорғап, ұсыныстар білдірді. Бұл күндері облыстың барлық қалалары мен аудандарында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында кәсіпорындарда кездесулер өтуде.
Партиялықтар жұмыс берушілерге мүгедектердің еңбек құқықтары туралы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған квоталар туралы әңгімелейді. Сонымен қатар олар кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке шақырады. Олармен өмірдің қиындығына тап болған адамдарға дер кезінде қол ұшын беріп, көмек көрсетудің маңыздылығы жайлы әңгіме жүргізеді.
Nur Otan 2019-2021 жылдарға арналған «Кедергісіз келешек – Будущее без барьеров» жобасының жол картасын әзірледі. Құжатта инклюзивті білім беруді дамытуға, мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамтуға, кедергісіз орта құруға жәрдемдесу бойынша шаралар қарастырылған.
Мемлекет қолдауымен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған шеберханалар мен кәсіптік оқыту орталықтары ашылады. Мысалы, Саран қаласында есту қабілеті нашар мүгедектер жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Ол үшін бюджеттік қаражатқа жабдықтар сатып алынды.
«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заң 2005 жылы қабылданды. Ол мүгедектердің тең мүмкіндіктерін, әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған ережелерді қамтиды. 2015 жылы Қазақстан әлемнің 130-дан астам елдері арасында ратификацияланған Мүгедектердің құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қосылды.