
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ғасырдың биік тұлғасы» атты көрме ашылды. Ол академик Қ.И. Сәтпаевтың 120 жылдық мерейтойына арналды.
Көрменің ашылуына «Қазақ ғылымының темірқазығы» деген тақырыпта дөңгелек үстел орайластырылды. Шараға Баянауыл және Жезқазғаннан келген қонақтар, Қаныш Сәтпаевтың ұрпақтары, ЖОО ғалымдары мен оқытушылары, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және «Орталыққазжерқойнауы» геологиялық мұражайының қызметкерлері қатысты.
Бұл күні сонымен қатар мұражай ғимаратының алдында үш қайың ағашы отырғызылды. Бұл көшеттер Ұлытау ауданындағы орман шаруашылығынан жеткізілген.
- Ағаш отырғызу - туған еліне еңбегі сіңген Қаныш Сәтпаевқа деген құрметіміздің белгісі. Бұл ағаштар академик қызметінің негізгі кезеңдерін бейнелейді. Бірінші қайыңды Баянауылдан келген қонақтар мен ғалымның туыстары отырғызды, ол академиктің 120-жылдығына арналған. Екінші ағашты Ұлытау мен Қарсақпай тұрғындары екті, себебі академик сол жерде көп жыл жұмыс істеді. Үшінші ағашты қарағандылықтар отырғызды, себебі биылғы жылы біздің қала 85 жылдығын атап өтеді, - деді облыстық тарихи - өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов.
«Қазақ ғылымының темірқазығы» атты дөңгелек үстелде қонақтар, тарихшылар мен ғалымдар, музей қызметкерлері Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметі туралы айтып берді. Олар «Жезқазған және Қаныш Сәтпаев», «Қазақстанның геологиялық мектебін дамытудағы Сәтпаевтың рөлі», «Қаныштану» және «Мектеп мұражайлары туралы», «Геолог Қ. Сәтпаев және Қарсақпай отбасы» және «Қаныш ағам – қазақтың қазынасы» тақырыптарындағы баяндамаларын оқып берді.
- Қаныш Сәтпаев небәрі 64 жыл өмір сүрді, бірақ осы уақыт ішінде көп нәрсе жасап үлгерді. Біз Қаныш Имантайұлын елімізге сіңірген еңбегі және көптеген жаңашылдықтары үшін мәңгілік есте сақтаймыз және құрметтейміз. Болашақ ұрпақ ол туралы білуі тиіс, - дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Арстан Ғазалиев.
«Ғасырдың биік тұлғасы» көрмесі Жезді кентінде орналасқан М. Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайымен, сонымен қатар, академик Қ. И. Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайымен бірлесіп ұйымдастырылды. Экспозицияда 200-ден астам жәдігер қойылған. Олардың ішінде ер-тоқым, киім-кешек, минералдар коллекциясы, сондай-ақ ғалым-геологтың ғылыми жұмыстары, қолжазбалар мен марапаттары, академиктің домбырасы, фотоматериалдар, кітаптар, шапан, Жезқазған мысы, Қаныш Сәтпаев үшін 1999 жылы мұражайға тапсырған Әлкей Марғұланның жеке коллекциясынан арнайы жасалған мылтық бар. Сондай-ақ көрмеде екі инсталяция ұсынылды.
Академиктің туысы Күлтай Баязитқызы Қарағанды мұражайына сындай көрме мен дөңгелек үстел ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
- Каныш-ағаны ұмыт қалдырмағандарыңыз үшін рахмет. Павлодар және Қарағанды облыстарында оның туғанына 120 жыл толуына арналған көптеген іс-шаралар өтуде. Бүгін отырғызылған ағаштар әрдайым оның есімін келешек ұрпаққа танытып отырады. Осындай іс-шараларға жастар қатысатынына қуаныштымын. Біз оларға оның еңбектері мен туындылары туралы білім береміз. Болашақ ұрпақ өз ата-бабаларын ұмытпау керек, - деді Күлтай Баязитқызы.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ғасырдың биік тұлғасы» атты көрме 30 сәуірге дейін жалғасады.