Қарағандыда барлық ағаштар мен тал-шіліктер саналды

Қарағандыда барлық ағаштар мен тал-шіліктер саналды

Қарағандыда барлық ағаштар мен бұталар саналды. Жасыл желектерді түгендеу 2018 жылдың күзінде басталған болатын. Оны Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының Алматы филиалының қызметкерлері жүргізді.
Есептеу нәтижесінде Қарағандыда 1 867 857 ағаш пен бұта бар екені анықталды. Оның ішінде: қылқан жапырақтылар – 431 048 дана, жапырақтылар – 1 344 019, тал-шіліктер түрлері – 92 790.
Облыс орталығында 90 ағаш пен бұта түрлері өседі. Мамандар ең көп таралған ағаш түрі аласа қарағаш екенін мәлімдеді. Бұл ағаштар қаладағы жасыл желектердің жалпы санының 41% құрайды.

- Біз көшелердегі, саябақтар мен гүлзарлардағы және көпқабатты үйлердің аулаларындағы барлық ағаштар мен бұталарды санадық. Біздің тізімге жеке үйлердің, зираттар мен саяжайлардың аумақтарында өсіп тұрған ағаштар ғана кірмеді, - деп түсіндірді Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты Алматы филиалының директоры Руслан Ахметов.

ҒЗИ қызметкерлері ағаштардың жай-күйіне де назар аударды. Олардың 1 622 668-і сау ағаштар, 232 357-і әлсіреген, 2 587-і қурап бара жатқан және 5 676-сы қураған ағаштар мен бұталар. Сонымен қатар мамандар жол бөлігіне, жаяу жүргіншілер жолдарына немесе электр тарату желілеріне құлау қаупін төндіріп тұрған 4 569 ағашты белгілеген.
Мамандар құлайын деп тұрған құрғақ ағаштарды кесіп тастауды ұсынып отыр.
Сарапшылар сондай-ақ Қарағандыны қосымша көгалдандыру жөнінде ұсыныстар берді. Қалада отырғызуға ұсынылған ағаштардың тізімінде жасыл желектердің 120 түрі келтірілген. Оның ішінде емен, талшын және облыс орталығы үшін сирек кездесетін басқа да түрлер бар. Мамандардың айтуынша, бұл ағаштар тиісінше күтім жасалса, жерсініп кетуі әбден мүмкін.
Айта кету керек, түгендеу кезінде ҒЗИ қызметкерлері Қарағанды көшелерінен 14 өрік ағашын, сегіз түп қарлыған мен қызыл кітапқа енгізілген емен түрлерін тапқан. Бұл ағаштардың барлығы жас және сау.

Жиналған мәліметтер негізінде ҒЗИ қызметкерлері қаланың жасыл желектерінің интерактивті картасын жасады. Онда облыс орталығында өсіп жатқан ағаштардың жасы, жағдайы, биіктігі, діңінің диаметрі және сұрпы туралы толық ақпарат бар.
Жақын арада карта Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық бөліміне және Октябрь ауданы мен Қазыбек би ауданы әкімдіктеріне беріледі.

- Осы карта мәліметтеріне сүйене отырып, құрғақ және құлайын деп тұрған ағаштарды кесуге рұқсат беруге, олардың орнына ағаш отырғызуға алаң бөлуге болады. Бұл кәсіпкерлерге құрылыс салуға рұқсат беру туралы шешім қабылдауға көмектеседі, Себебі олар таңдаған аумақта қанша және қандай ағаштар өсіп келе жатқаны белгілі болады. Енді қаладағы жасыл желектерді отырғызу және күту шығындарын нақты жоспарлауға болады, - деді Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Ол сондай-ақ қазіргі таңда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қаланы көгалдандыруға қатысты берілетін нұсқаулар қарастырылғанын айтты. Бұл қала әкімінің пікірінше, жағдайды жіті бақылауға және бюджеттік ақшаны тек жерсініп, жақсы өсіп келе жатқан ағаштар мен бұталарға ғана жұмсауға мүмкіндік береді.