
Балқаш әуежайындағы ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды мердігерлер мерзімінен бұрын аяқтауға уәде берді. Алаңда жаңа жасанды жабын төселді. Жаңғыртудан кейін әуе айлағы кез келген класты лайнерлерді қабылдай алатын болады.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов аймаққа жұмыс сапары барысында әуежайда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты.
Балқаш әуежайын азаматтық және әскери авиация бірлесіп пайдаланады. Жолақ Қорғаныс министрлігінің ведомствосына қарайды.
Ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Жолақтың ұзындығы 2,5 шақырым, ені – 42 метр. Жобада магистральдық және рульдік жолдар, 4 тікұшақ алаңдары көзделген. Сонымен қатар орталық жанармай құю терминалы салынады.
Компанияның бас инженері - бас мердігер Саныхан Жапаровтың айтуынша, жаңғырту жұмыстары әуежай мүмкіндіктерін айтарлықтай жақсартады. Жаңартудан соң ол кез келген класты ұшақтарды, тіпті «Боинг» әуе кемесін де қабылдай алады.