
25 сәуірде Қарағанды облысының Жәйрем кентінде жаңа мешіт ашылды. Екі күмбезі және екі мұнарасы бар үлкен ғимарат 320 адамды сыйғызады.
Жаңа мешітте еденді жылыту және ғимаратты желдету жүйесі орнатылған. Оның жанында ас ішуге арналған бөлек асхана және жуынып, дәрет алуға арналған бөлек ғимарат бар. Сонымен қатар мешіт аумағы да абаттандырылған.
Құрылыс жұмыстары екі жыл жүргізілді. Жобаны қаржыландыруды "Жәйрем КБК" акционерлік қоғамы өз мойнына алды.
Мешіттің ашылу салтанатына Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев, "Казцинк" кәсіпорнының басшылары, кент тұрғындары мен қонақтар қатысты.
- Мешіт бізді мәдениетке, қайырымдылыққа үйретіп, рухани тыныштық сыйлайтын орын. Бұл Жәйрем кентінің тұрғындары үшін үлкен сыйлық, - деді Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев.
Сонымен қатар бұл күні 3-ші топ мүгедегі Алдаберген Тілеуханға екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Мешіттің ашылуына орай кент тұрғындары 3,5 млн теңге көлемінде ақша жинаған екен. Осы қайырымдылық акциясының арқасында Алдабергеннің отбасы баспаналы болды, ал қалған қаражат аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге жұмсалды.
Ресми ашылу салтанатынан кейін бас имам дұға оқыды. Кен тұрғындары үшін ас ұйымдастырылды. Түскі астан кейін жаңа мешітте бірінші неке қию рәсімі болып өтті.
Сондай-ақ, Жәйрем кентінде мешіттің ашылуына орай ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.