Қарағанды облысында сайлау учаскелерінде дайындық жұмыстары басталды

Қарағанды облысында сайлау учаскелерінде дайындық жұмыстары басталды

Қарағанды облысының әкімдігінде сайлау науқанын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Электоралды кезеңде жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылар тізімін құру және материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша жауапкершілік жүктеледі.
Қазір өңірде сайлау учаскелерін ашуға және дауыс беруге жағдай жасауға дайындық жүріп жатыр. Азаматтардың тізімін жасау жұмыстары басталды, олардың әрқайсысы тұрғылықты жері бойынша тіркелгені тексеріледі.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, көзі көрмейтін сайлаушылар үшін дауыс беруге арналған арнайы трафареттер дайындалды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов сайлау күні дауыс беруге ниет білдірушілер өздерін сайлаушылар тізімдерінен таба алмаған немесе қандай да бір себептермен Президенттікке үміткерге өз дауысын бере алмайтын жағдайларға жол бермеуді тапсырды.
- Әкімдер, сіздерге айтамын. Әрбір сайлаушыға оның сайлау учаскесі бойынша ақпарат жеткізу сіздердің негізгі міндеттеріңіз болып табылады. Сайлаушы учаскеге келгенде, өздерін тізімнен таба алмайтындай жағдайлар туындамауға тиіс. Ол үшін жергілікті жерлерде мекенжай-анықтамалық қызметтердің толыққанды жұмысын бір ретке келтіру қажет. Әркім өзінің конституциялық сайлау құқығын пайдалануы тиіс, - деді аймақ басшысы.
Жергілікті билік өкілдері тұрғындарға сайлаушылар тізімінде бар-жоқтығын қазірбен бастап тексеруді ұсынып отыр. Мұны үйден шықпай-ақ жасауға болады. Ол үшін облыстық әкімдік сайтының басты парақшасына кіру керек. Тізімнен өз есіміңізді іздеудің екі нұсқасы ұсынылған: ЖСН немесе жеке куәлік нөмірі бойынша. Егер сіз өзіңізді деректер базасынан таппасаңыз, сол жерде көрсетілген нөмірлер бойынша жергілікті әкімдікке жүгіну қажет.